Бұған дейін 21 қой-ешкіні жарып кеткен төбеттер бұл жолы тағы 12 бас малды талап тастаған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Бос жүрген иттер бірнеше оқушыны да тістеп алған көрінеді. Жұрт бұған түк бітірмей қол қусырып отырған әкімдерді айыптауда. Ал ит атушыларды тендер арқылы таңдап алған шенеуніктер бұл жағдайға иттерін байламайтын тұрғындардың өздері кінәлі дейді.
Дағаровтар әулеті бір түнде бар жиған малынан айырылып қалғандарын айтады. Таңертең қораға кірген отағасы ондағы сұмдықты көргенде жағасын ұстапты. Қаңғыбас иттер іштегі қой-ешкіні талап, олардың төлін де аямаған. Тоғыз бас малдың қарнын жарған азулылар жалғыз қозы мен лақты ғана тірі қалдырған.
- Таңертең барып қарасақ сол тоғызы өлір жатыр. Бір қозымыз аяқтары сынған, бір лағымыз жетім қалған. Мен оны өзім соны тауып алдым. Сосын кірсем бәрі өліп жатыр ана жақта. Енді біз оны не істейміз? - дейді Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Има Дағарова.
Қаңғыбас иттер тіпті Сайын Шапағатов ауылындағы бірнеше оқушыны да қауып алған. Қазір көшеге балалар түгілі, ересектер де жалғыз шығуға қорқады. Төбеттер бір апта бұрын 21 бас малды талап тастаса, демалыс күндері тағы 12 қой-ешкіні талап өлтірген. Көше кезген иттер дауыстап таспен қуған тұрғындардан да қорықпайтын көрінеді.
- Үш ешкімді өлтіріп кеткен. Дәл қазір үйдің қасында жеті ит жатыр. Оларға шара қолдануға болмай ма? Таспен қусаң кетпейді. Ұрсаң кетпейді, адамнан қорықпайтын иттер түрлеріне қарасаң.
Ауылдықтар «иттерді атып тастаңдар» деп талай рет әкімдікке барғандарын айтады. Бірақ, ондағылар тендер жарияладық деуден әрі аспапты. Ал шенеуніктердің сөзіне сенсек, сол тендерді қостанайлық компания жуырда ғана ұтып алған. Олар бүгінге дейін 115 қаңғыбас иттің көзін жойыпты.
- Енді бұл иттен келіп тұр ма, ол басқа ма ол әлі белгісіз. Үлкен қораларлдың үстінен түсіп кетіп жойып кеткені бар, - деді Сайын Шапағатов ауылының әкімі Ғабиден Нұржаубай.
- Сайын ауылы үлкен трасстың бойында. Жол бойынан өтетін машиналар келіп тастап кетушілер көп итті және мына қолға ұстаушылар иттерді бос жібере беретіндер бар. Оларға да қазір ақпарат не болмаса әлеуметтік желі арқылы ескерту жасалып жатыр.
Десе де, азулылардың қорада қамаулы тұрған малға шабуы тыйылмай тұр. Арнайы комиссия мүшелері болса қазір төрт түліктің нақты неден өлгенін анықтауға кіріскен. Ал ит аулаушыларды дер кезінде шақыртпаған атқамінерлерге жұрттың өкпесі қара қазандай. Өйткені, олар ит талаған мал үшін өтемақы төленбейді депті. Мұндай шығындарға бюджеттен ақша қарастырылмаған екен.