Ақтөбеде екпе жасатпай отырған балалар басқаларға қауіп төндіріп отыр

Бас дәрігердің айтуынша, өңірде ана мен бала өлімі азайған.

Ақтөбе облысының бас дәрігері Әсет Қалиев өңірде екпеден бас тартып отырғандар мәселесінің өзекті екеніне алаңдады, деп хабарлайды aktobenews.kz.

«Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша екпеден бас тартып отырған 2531 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде туылғалы бері бірде–бір екпе алмаған балалар саны — 1758. Бүгінгі күні көптеген екпе алмаған балалар мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарға барып жатыр. Балаларды екпемен толық қамтымау салдарынан жұқпалы ауруларға сезімтал адамдар саны көбейеді. Мұндай жағдай вакцинамен бақыланатын жұқпалы аурулардың эпидемиялық өршуіне әкелуі мүмкін. Биыл әрбір емдеу мекемесінде екпе мәселесіне жауапты мамандар штатын ашқан болатынбыз. Осының нәтижесінде 486 бала екпе жасатты», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Сонымен қатар, бас дәрігердің айтуынша, өңірде ана мен бала өлімі азайған.

«1 жасқа дейінгі балалар өлімі» көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 24,3%-ға төмендеді. Аудандар арасында ең жоғары «1 жасқа дейінгі балалар өлімі» көрсеткіші Шалқар ауданында. Ана өлімі көрсеткіші 3 есе азайып отыр. Сонымен қатар, өңірімізде қатерлі ісік бойынша өлім көрсеткіші төмендеді. Қатерлі ісік ауруларымен өлім — жітім құрылымында 1 орында өкпенің онкологиялық аурулары орын алды (98 науқас), 2 орында асқазанның ісіктері (94 науқас); 3 орында сүт безі орын алды – 60 науқас», — деді бас дәрігер.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: