Ертіс өңірінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ірі мектептерде мұғалімдерге арналған заманауи кабинеттер ашылады. Жоба алдағы үш жылға шақталған, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.
Ұстаздардың жұмысын оңтайландырып, қағазбастылықты жоюға бағытталған жоба «Teacher office» деп аталады. Облыстың бас педагогі мұрындық болған жоба әр мұғалімді ыңғайлы жұмыс орнымен қамтуды да мақсат етеді. Бүгінде «Цифрық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде бірнеше мектепте заманауи мұғалімдер бөлмелері ашылды. Жұмыс орындары жылдамдығы жоғары интернет, білім берудің ақпараттық жүйелеріне қосылған компьютерлермен жабдықталған.
Автоматтандырылған кабинеттер әзірге дарынды балаларға арналған екі білім ордасында ашылды.
«Заман талабына сай бөлменің көмегімен ұстаздар уақыт пен материалдық ресурстарды үнемдейді. Бұрын есептердің барлығын қағаз күйінде тапсыратынбыз. Қазір электронды форматқа көштік, осылайша уақыт пен өзге ресурстарды үнемдейміз. Сонымен қатар, оқу процесіне қажет кез келген құжатқа қолжетімділік артты. Өте ыңғайлы», - дейді дарынды балаларға арналған көпсалалы лицей-интернаты химия пәнінің мұғалімі Мадина Қарағаева.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, екі мектепте ашылған ұстаздар бөлмесінің тәжірибесі өзге білім ошақтарына таратылады.
«Ұстаздың жұмысын жеңілтету – басты мақсатымыз. Бұл мақсатқа жету үшін «Цифрлық Қазақстан» жобасын жүзеге асыру көзделеді. Қазіргі уақытта кез келген ұстаз ыңғайлы жұмыс орнымен қамтылмаған. Мәселені шешу үшін мұғалімдерге арналған заманауи бөлмелер ашқымыз келді. Жоба әзірге пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Жалпы, облыста білім беру жүйесін цифрландыру бойынша 10 жоба қолға алынған. Облыс билігі тарапынан қолдау да, түсінік те бар», - дейді Дінислам Болатханұлы.
Айта кетейік, өңірдегі 350-ден астам мектептің барлығы кең жолақты интернетпен қамтылған, олардың 260-да вай-фай жүйесі бар. Биылғы жылы ғаламтордың жылдамдығын арттыру мақсатында мемлекет бюджетінен шамамен 200 млн теңге бөлінген. Жалпы, облыста білім беру саласында цифрландыру бойынша 10 жоба іске асырылуда.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда компьютерлік техникамен қамту көрсеткіші бір оқушыға шаққанда 5,2-ні құрайды. Ауылдық жерлердегі көрсеткіш – 3,8. Қазіргі уақытта өңірдегі білім беру ұйымдарының компьютерлік паркі 18,9 мың бірлікті құрайды. Биылғы жылы 640 компьютерді сатып алуға облыстық бюджеттен 129,3 млн. теңге және жалпы сипаттағы трансферттерден 90 млн. теңге қарастырылған.