Павлодар облысы ІІД халықтан сатып алынатын қарудың бағасын мәлімдеді

Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде комиссиялар қару-жарақ заттарының техникалық жай-күйін ескереді.

Павлодар облысы ІІД халықтан заңсыз сақталған қару, оқ-дәрі және жарғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акциясын өткізеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

- Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2018 жылғы 10 сәуірден бастап Павлодар облысы аумағында халықта заңсыз сақталудағы қару-жарақ заттарын сатып алу бойынша акция Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 266 бұйрығымен бекітілген Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру қағидаларына қатаң сәйкестікте өткізіледі, - деді баспасөзде.

Өздерінде заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды тапсырған азаматтарға Қазақстан Республикасының тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңында белгіленген мынадай айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде:

1) автоматты ойық ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін бір жүз еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;

2) ойық ұзын ұңғылы атыс қаруының (винтовкалар, карабиндер) әр бірлігі үшін елу еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;

3) қысқа ойық ұңғылы атыс қаруының (пистолеттер, револьверлер) әр бірлігі үшін қырық еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;

4) тегіс ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін отыз еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;

5) жарақат салатын тапаншаның немесе револьвердің әр бірлігі үшін он еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;

6) әрбір граната, мина, жару құрылғысы және артиллериялық снаряд үшін жеті еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;

7) жарылғыш заттардың әрбір 1000 грамы үшін алты еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін;

8) калибрі 5,6 миллиметрден асатын ойық қару патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің отыз бестен бір бөлігіне дейін сыйақы;

9) калибрі 5,6 миллиметр (ұсақ калибрлі) ойық қару патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің жүз он бестен бір бөлігіне дейін сыйақы белгіленеді.

Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде комиссиялар қару-жарақ заттарының техникалық жай-күйін ескереді.

Комиссиялар қарудың техникалық жай-күйін айқындау кезінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес 3 санатты қолданады.

- 1-санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100%-ы есебінен жүргізіледі.

- 2-санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 70 %-ы есебінен жүргізіледі.

- 3-санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 30 %-ы есебінен жүргізіледі.

Мыналарға:

1) криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттар болып танылмаған;

2) Қазақстан Республикасы ІІМ БДБ-ның "Криминалдық қару" және "Тіркелген қару" есебінде тұрған бұйымдар мен заттарға;

3) қолдан жасалған оқ-дәріге;

4) тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын қаруға сыйақы төленбейді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: