Іздеуде болған Арай Жұматаеваның 5 күн бойы не істегенін туыстары айтты

5 күн бойы іздеуде болған 9-сынып оқушысы Арайлым Жұматаева кеше Алматыдағы сауда үйлерінің бірінен табылды.

Алматыда үйіне оралмаған 15 жастағы Арай Жұматаеваның 5 күні бойы қайда түнеп, не істегенін туыстары айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бостандық аудандық ІІБ қызметкерлері Арайлым Жұматаева мен тәтесі Айнұр Нығмановадан түнгі 12 шамасына дейін сұрақ-жауап алды.

«Арайлым бірінші күні қайтар уақыт тым кеш болғанын аңғарып, келуге қорыққан. Келесі күні тағы да ұрсады деген қауіппен қорқып, беттемеген. Бірінші күні «Есентай мол» сауда үйін аралаған. Түнге таман оны күзетшілер қуып шығады. Тіпті видеожазба да сақталған. Қуып шыққан күні ол сырттағы орындықта бір түнін өткізген. Келесі күні Мега орталығына барып, кітап оқыған. Екі сауда орталығының арасында жаяу жүрген. Арасында үйге келіп, сырттан бақылап отырған. Машинасынан шыққан әкесін көрген. Бір түні көрші подьезде түнеген», - деді Айнұр Нығманова.

9-сынып оқушысы 5 күн ішінде қолындағы азын-аулақ ақшасына тамақ сатып алып жеген.

Азығы таусылғанда краннан су ішкен.

«Қызымда қазір психологиялық проблема жоқ. Мүмкін бұл өскелең жас кезіндегі қалыпты жағдай шығар. Өзі істегеніне ұялып, бетін басады. Күледі, кешірім сұрайды. Ұрыспадым. Еркелетіп, құшақтадық», - деді тәтесі Айнұр Нығманова.

Айта кету керек, 5 күн бойы іздеуде болған 9-сынып оқушысы Арайлым Жұматаева кеше Алматыдағы сауда үйлерінің бірінен табылды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: