ШҚО әкімі ардагерлерге жарты миллион теңгеден сыйлады

Облыс əкімі аға буынға деген осы құрметтің бəрі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқанын атады.

Шығыс Қазақстан облысының əкімі Даниал Ахметов Зырян қаласында тұратын екі ардагерді Жеңіс мерекесімен құттықтап, 560 мың теңгенің сертификаттары мен лэд-экранды теледидар табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

93 жастағы Анна Савычкина соғысқа медбике ретінде қатысқанын айтады.

«Көзімізді ашқалы еңбек етіп келеміз. Əлі күнге дейін кір-қоңымды өзім жуып аламын. Немерелерімді де солай үйреткенбіз. Ал мемлекет берген 500 мың теңгені өз керегіме жұмсаймын. Қазіргі жастар еңбекқор. Көшеде көрсе, жасымды сыйлап жатады. Сондықтан, оларды сынай беруге болмайды» - деді ардагер.

Облыс əкімі аға буынға деген осы құрметтің бəрі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқанын атады.

Дəл осындай құрмет майдангер Николай Станскихке де көрсетілді.

«Жуықта ғана теледидарымыз істен шыққан еді. Сіздің бұл сыйыңыз бізге шынымен үлкен қуаныш əкелді» - деді ардагердің жұбайы.

Зырян ауданы əкімінің орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, ауданда 21 ардагер, 61 тыл еңбеккері бар.

«Соғыс ардагеріне теңестірілген қарттарға 120 мың теңгеден өтемақы берілген. Өзге тыл еңбеккерлері де ескерусіз қалмайды. Ол үшін аудан бюджетінен 733 мың теңге бөлдік» - дейді Жанна Асқарова.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: