Барлық фильмді қазақ тіліне дубляждаудың қажеті жоқ – МСМ

Күміс Сейітова 2018 жылы министрлік әзірлеген «Кинематография туралы» заңына тоқталды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова кинематография саласындағы заңмен бекітілген кейбір нормалардың жұмыс істемей тұрғанын айта келе, барлық фильмді қазақ тіліне дубляждаудың қажеттілігі жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен Күміс Сейітова 2018 жылы министрлік әзірлеген «Кинематография туралы» заңына тоқталды.

«Аталған заң жобасы аясында ең маңызды фильмдерді прокаттау тілі мәселесі шешімін табады. Өйткені, осы күнге дейін қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда «Қазақстан аумағында барлық фильм қазақ тілінде дубляждалуы тиіс» делінген норма жұмыс істемей тұр. Ал біз осы нормаға өзгеріс енгізіп отырмыз. Себебі, біз «барлық фильмді қазақ тіліне дубляждау қажеттілігі жоқ» деп есептейміз», - деді директор. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстанға орташа есеппен алғанда жалпы 300-ге жуық фильм көрсетіледі.

«Сондықтан бұл фильмдерді қазақ тіліне міндетті түрде дубляждау қажет емес. Осы орайда жоғарыда аталған нормаға альтернатива ретінде «субтитрлау немесе кадрдан тыс аударманы енгізу» нормасын кірістірдік. Осылайша, заң жобасы аясында Қазақстанда шығарылған немесе еліміздің аумағында прокаттау мақсатымен әкелінген барлық фильм аталған норма бойынша жұмыс істейді», - деп түйіндеді сөзін Күміс Сейітова.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: