Батут оқиғасы: Комадан шыққан бала анасын танымай жатыр

Көлеңкелі кәсіпті реттейтін заңды тетік табылмайынша, Зәуренің басындағы күй, оқыс оқиғалар қайталана берері анық.

Астанада батут аударылған кезде зардап шеккен қыздың анасы кінәлілерді жазалауды сұрайды. Жарақат алған бүлдіршіндердің бірі 4 жастағы қыз бала туыстарын танымай жатыр. Ота жасалған соң, 5 күн комада болып, беті бері қараған, деп жазады Қазақстан Ұлттық телеарнасы.

Ал, қауіпті бизнестің көрігін қыздырған кәсіп иелері болса, сұхбат беруден бас тартты. Зәуре Асабаева бауыр еті баласының өзін танымай қалғанына қынжылады. Ол 4 мамыр күні 4 жастағы қызымен ойын алаңына барады. Батутқа ойнағысы келген баласының көңілін қимай, ақшасын төлейді. 5 минут өтпей жатып, 5 баланы жел ұшырып әкетеді. Бүлдіршін алдымен автокөлікке соғылады, кейін жерге құлайды.

Зәуре Асабаева: - Бірінші алып келгенде реанимацияға түсті. Комаға түсіп қалды. 5 мамырда операция жасалды. Көк бауырын алып тастады. Құлағанда басына тастар кірген. Қызым әлі әлсіз.

Зәуренің қызымен бірге тағы бір бала нейрохирургия бөлімінде жатыр. Оларға шетелдік дәрігерлер көмектесуде. Ал, жел ұшырған батуттың иесі сұхбат беруден бас тартты. Оның үстінен қазір қылмыстық іс қозғалды. Ойын құралының сараптамасы бір айдан кейін белгілі болады.

Ардақ Мұратқызы, тілші: -Оқыс оқиғадан кейін батуттар жинастырылып, жұмысын тоқтатқан. Жалпы, қалада осындай құрылғылардың қаншасы бары белгісіз. Еш жерде тіркелмеген. Яғни, кез келген адам осындай резеңкі ойыншықты сатып алып, қауіпті бизнестің көрігін қыздырып отыр. Оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ.

Еркін Отарғалымұлы, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы: - Аттракциондардың қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылау жүргізу департаменттің құзырына кірмейді. Не сертификат, не лицензия сұрата алмаймыз.

Амал жоқ, көлеңкелі кәсіпті реттейтін заңды тетік табылмайынша, Зәуренің басындағы күй, оқыс оқиғалар қайталана берері анық.

Ардақ Мұратқызы

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: