Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР елшісін қабылдады

Қ.Тоқаевтың пікірінше, екі ел басшыларының биылғы маусымда ШЫҰ аясындағы Циндаода болатын келіссөздерінің маңызы зор болады.

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты ҚХР Елшісі Чжан Ханьхуэйді қабылдады. Бұл туралы zakon.kz ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Қ.Тоқаев Қазақстан мен ҚХР арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудағы мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің маңызды рөлін атап өтті.

Қ.Тоқаев кейінгі жылдары нәтижелі әрі қарқынды сипатқа ие болған парламентаралық байланыстарды екіжақты қатынастардың маңызды құрамы ретінде атады. Парламент жоғарғы Палатасының басшысы үнқатысудың жалғасатынына сенім білдірді және Халық Өкілдерінің Бүкілқытай Жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшуды біздің елімізге сапармен келуге шақырды.

Сенат Төрағасы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтудың және өнеркәсіп, ақпарат технологиялары, құрылыс салаларындағы бірлескен жобаларды іске асырудың келешегін жоғары бағалады. Ұлттық «Нұрлы жол» және қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасының үйлесім табуы аясында екі елдің көлік-транзит әлеуетін пайдалану ауқымды мүмкіндіктер туғызады.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, екі ел басшыларының биылғы маусымда ШЫҰ аясындағы Циндаода болатын келіссөздерінің маңызы зор болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: