Алматыда «қанға боялған» өзеннен сынама алынды

Зерттеу нәтижесі 3 күннен соң дайын болады.

Алматыда қызыл түске боялған өзен суынан сынама алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова зерттеу нәтижесі 3 күннен соң дайын болатынын айтты.

«20 мамырда 19:30-да ТЖД желісінен осындай ақпарат түсті. Қазір Үлкен Алматы өзенінің бойын түгел шарлап шықтық. Бір жерден қызыл түс байқамадық. Бірақ, сонда да өзеннің барлық тұсынан сынама алдық. Санитарлық-химиялық құрамы бүгін кешке дейін белгілі болады. Судың бактериялық құрамы 3 күннен соң белгілі болады», - деді Айзат Молдақасымова.

Департамент басшысы видеоны әлеуметтік желіге жариялаған тұлғалармен байланысып жатқанын хабарлады.

«Бір ғана видеоға қарап ештеңе айта алмаймыз. Таратқан адамды таптық. Қазір ол түсірген жерден тағы сынама аламыз», - деді ол.

Сонымен қатар, құзырлы органдар өзен бойында орналасқан барлық химиялық кәсіпорындарды тексеруді бастаған.

«ТҚКО, лак бояу өнімдерін шығаратын, вулканизация, типография сияқты өндіріс орындары тексеріліп жатыр», - деді департамент басшысы.

Мұның алдында аталмыш видео ватсап желісі арқылы таралғанын жариялаған едік.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: