«Самұрық-Қазына» АҚ ПХЭФ-2018 шарасына қатысады

А.Есімовтің сөзіне қарағанда, 2022 жылға дейін Қордың 6 компаниясын IPO-ға шығару жоспарлануда.

2018 жылғы Петербург халықаралық экономикалық форумына Қазақстан мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасын ұсынады, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейі дәстүрлі түрде сақталып отыр. Ресей Федерациясы – еліміздің сауда серіктестері арасындағы көшбасшылардың бірі.

«Мұны 2016 жылмен салыстырғанда 25%-ға артып, 16 млрд АҚШ долларын құраған екіжақты сауда көлемінің айтарлықтай өскені көрсетіп отыр. Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуы бар 8300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, инвестиция көлемі 11,4 млрд АҚШ долларына тең. Бұған, бірінші кезекте, инвесторлар үшін қолайлы жағдайдың қамтамасыз етілуі себепші», - деп атап өтті А.Есімов.

«Самұрық-Қазына» басшысы форум қатысушыларына қоржын компанияларды жекешелендіруге жоспарлар туралы айтып берді.

«Осы жылы біз экономиканың түрлі секторындағы ірі, орта және шағын компаниялар кіретін 50 активті жекешелендіруді аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бізде әлі ТМД аумағында жоқ глифосат бойынша жоба жүзеге асырылып жатқан агрохимия кластері құрылды. Менің ойымша, мұнда Ресей мен Қазақстан шаруаларының ортақ мүддесі бар, бұл жобаны бірлесіп атқарған дұрыс болар еді», - деді А.Есімов.

А.Есімовтің сөзіне қарағанда, 2022 жылға дейін Қордың 6 компаниясын IPO-ға шығару жоспарлануда. Олардың үшеуі, атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана» және «Қазақтелеком» осы жылы шығады.

"Самұрық-Қазына" АҚ қатысуымен өткен ПХЭФ-2018 арнайы панельді сессиясына Ресей мен шет мемлекеттердің 150-дей бизнесмені қатысты.

Петербург халықаралық экономикалық форумы –екі жаққа бірдей тиімді жаңа байланыстар орнатып, инвестициялық әл-ауқатты көрсету үшін үлкен мүмкіндіктер беретін, жыл сайын ұйымдастырылатын экономика және бизнес әлеміндегі айтулы шара.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: