ІІМ суға түсу кезінде сақтық ережелерін ұмытпауға шақырады

Биыл Қазақстанда суға түсуге арналған 121 қалалық және 569 жеке жағажай тіркелген.

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин суға түсу маусымына даярлық пен еліміздің су қоймаларында адамдардың өліміне жол бермеуге бағытталған шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz Премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі орынбасарының айтуынша, биыл Қазақстанда суға түсуге 121 қалалық және 569 жеке жағажай анықталған. 28 мамырдағы жағдай бойынша жергілікті полиция қызметі су маңайында орналасқан демалыс орындарында және 568 табиғи жағажайда 627 торуылдау және рейд тексерістерін өткізді, оның барысында 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Юрий Ильин қазақстандықтарды суға түсу маусымы кезінде қырағы әрі мұқият болуға шақырды.

"Өкінішке орай, енді басталғалы жатқан суға түсу маусымында өзен-көлдерде адамдар өлімінің орын алып жатқанына куә болып отырмыз. Бұл тек шомылумен ғана байланысты емес. Бұл балық аулауға, ересектердің балаларды қараусыз қалдыруына байланысты орын алып жатқан қайғылы оқиғалар. Бүгінде елімізде 28 адам қайтыс болған, оның ішінде 11-і бала. Салыстырып айта кетсек, былтыр осы уақытта 44 адам қаза болды, оның 25-і бала болған", - деді ішкі істер министрінің орынбасары.

ТЖК бөлімшелері бақыланатын су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысады. Барлығы күн сайын мыңнан астам адам бақылау жасап, су айдындарын қадағалайды.

"Суда адамдардың қаза болуының алдын алудың негізгі құралдарының бірі – халықпен ақпараттық жұмыс жүргізу. Халық арасында 144 мыңнан астам агитациялық өнімдер таратылды. Өзен-көлдерде балалардың өлім-жітімін болдырмауға ерекше көңіл бөлінеді", - деді Юрий Ильин.
Өткен жылдың статистикалық деректеріне сәйкес, әртүрлі себептермен суға түсу маусымында еліміздің өзен-көлдерінде 102 бала суға кеткен.

Балалардың өлім-жітімін болдырмау мақсатында Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшелері оқыту мекемелерімен бірлесіп, ата-аналарға су қауіпсіздігі шаралары туралы ақпарат беріп, суға батып қаза табу себептері туралы бейнероликтер көрсетілген 883 жоспардан тыс ата-аналар жиналысын өткізген.

Еліміздің 200-ден астам білім беру мекемесі қамтылған 251 интерактивті сабақ ұйымдастырылып, өткізілген. Су маңында орналасқан 115 балалар лагері бақылауға алған.

"Осыған орай, оқу демалысының басталуына байланысты балалардың өзен-көлдердің, арықтар мен су арналарының жанында сақ болуына ата-аналардың жоғары жауапкершілікпен қарауына ерекше назар аударғым келеді", - деп қорытындылады Юрий Ильин.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: