Өйткені, күдіктіні қолға түсіргенмен, көп жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартуға дәрменсіз. Бұған заңда көрсетілген есірткілер тізімінде химиялық жолмен алынған өнімдердің болмауы себеп. Сондықтан, қаскөйлер жазадан оңай сытылып кетіп жүр деп жазады QAZAQSTAN телеарнасы.
Мәселе Ішкі істер министрінің халық алдында есеп беру кездесуінде көтерілген болатын.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі: - Синтетикалық есірткінің формуласы жиі ауысады. Біз күдіктіні қолға түсіреміз. Бірақ, тәркіленген заттың атауы заңда болмай шығады. Дегенмен, оны дереу есірткілер тізіміне енгізуге кірісеміз. Ал, бізде заң мемлекеттік органдар, Мәжіліс, Сенаттан өтіп, 7 ай дегенде қабылданады. Сөйтіп, жаңағы затты есірткі деп шешім шығарғанда өндірушілер есірткі құрамын тағы өзгертеді. Осылай елге тарай береді. Біз қайта әлекке түсеміз.
Синтетикалық заттың саудасы сайттарда қызып тұр. Құзырлы орган соның 198-ін анықтап, жапқан. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге жүгінуде. Ресей мен Өзбекстан мәселені үкімет деңгейінде шешеді. Ал, Беларусь одан да оңай жолын тауыпты. Ондағы Денсаулық сақтау министрлігі химиялық заттардың тізімін түзген. Ал, бізде мұны Үкімет қаулысымен реттеу көзделіп отыр. Тағы әр тәркіленген есірткі түрі тізімге енгізіле береді. Сөйтіп, қолға түскендердің кінәсі дәлелденсе, торға да түсіруге болады. Алайда, нашамен айналысушылар жаңа айла таппаса.
Нысаналы Ығыл