Қазір жалпы ауыл шаруашылық өнімдерінің жылдық экспорты 1,4 млрд АҚШ доллары болса, тек қана ет өнімдерін экспорттауды 2,6 млрд долларға жеткізуге болады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кезекті отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, елімізде еңбек өнімділігін өсіру үшін ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық потенциалды анықтап алу керек.
"Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру туралы батыл міндет қойды. Бұл міндетті орындау мүлде жаңа көзқарасты талап етеді. Біздің елімізде ішкі нарықтағы сұраныс негізгі біз өндіретін тауарлармен (ет, дәнді және майлы дақылдар, күріш, картоп сияқты) артығымен қамтамасыз етілген. Сондықтан біз еңбек өнімділігін өсіру үшін ең алдымен экспорттық потенциалымызды анықтаумыз керек", - деді Арман Евниев.
Ол бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ет өнімдерінің, оның ішінде сиыр еті мен қой етінің потенциалы өте жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар, вице-министр тек қана ет өнімдерінің экспортын 2,6 млрд долларға жеткізегу болатынын айтты.
"Айталық қазір жалпы ауыл шаруашылық өнімдерінің жылдық экспорты 1,4 млрд. АҚШ доллары болса, тек қана ет өнімдерін экспорттауды 2,6 млрд долларға жеткізуге болады. Қазақстанда ет саласын дамытудың шешуші факторлары бар, олар: жайылымдық алқаптар, суармалы егістіктер, жұмыс күші және дәстүрлі ата кәсібіміз. Ал сұраныс жағынан алсақ, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің (Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Въетнам сияқты) өте тартымды экспорттық нарықтары бар, сиыр еті мен қозы етіне деген олардың сұранысы тұрақты түрде артып келеді. Және де біздің екі көршіміз – Ресей мен Қытай аталған өнімдерді аса ірі көлемде импорттаушылар", - деді ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі.
Сонымен қатар, ішкі нарықтағы бос тұрған орындар мен қосымша сұраныс позициялары айқындалған.
"Олар – сүт өнімдері, құс еті, жеміс және көкөністер, қант. Мұнда қосымша өнім өндіру әлеуетіміз 1 млрд доллардан асуы мүмкін (құс еті – 180 мың тоннадан 740 мың тоннаға дейін ұлғаяды, сүт өнімдерінің өндірісі 1 млн тоннаға дейін ұлғаяды). Аталған өнімдердің өндірісі мен экспортын ұлғайту мақсатында дәл осы салаларды дамыту қажет. Осыған байланысты біз қолданыстағы бағдарламаны ет, сүт, құс шаруашылықтарын дамытуға және суармалы жерлерді кеңейту арқылы көкөніс өнімдерін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді арнайы салалық құжаттармен толықтырдық. Сонымен қатар, қант саласын дамыту бағдарламасы әзірленетін болады. Бұл бағдарламалар жылдар бойынша есептелген, алайда оларды іске асыру шегі одан да әрі 2027 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бір ерекшілігі, бұл құжаттар агробизнестің тікелей қатысуымен әзірленді. Сондықтан әзірлеу барысында көптеген мәселелер пысықталды және шешімін тауып келе жатыр", - деді Арман Евниев.
Сондай-ақ, вице-министр Арман Евниев ауыл шаруашылығындағы бірқатар мәселені шешу үшін, атап айтқанда мемлекеттік бағдарламаны орындау, экспорт көлемін арттыру үшін басқа да ведомстволардың қолдауын күтетінін мәлімдеді.
Арман Евниев АШМ мемлекеттік бағдарламаны ашық платформа ретінде қайта құрастырып отырғанын айтып, осы платформа негізінде қажеттілігіне қарай салалық және сабақтас бағдарламалар әзірленетінін жеткізді.
"Өздеріңізге белгілі, ауылдың дамуы басқа да салалардағы бірқатар мәселені шешумен байланысты. Ол – айталық Қаржы министрлігінің салық салу саясаты, Инвестиция және даму министрлігінің техникалық реттеу, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, Ұлттық экономика министрлігінің экспортты қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту сияқты мәселелері. Сондықтан біз қолданыстағы бағдарламаны салааралық шаралармен де толықтыруымыз қажет деп ойлаймыз. Осылайша, Мемлекеттік бағдарлама саланың негізгі концептуалдық мәселелерін және бір-бірімен байланысты сабақтас бағыттарды шешуді қамтиды. Сондықтан біз мемлекеттік бағдарламаны ашық платформа ретінде қайта құрастырып отырмыз. Бұл платформа мемлекет тарапынан салаға ықпал жасайтын, қолдау көрсететін кұралдар мен каналдардан тұрады. Осы платформа негізінде қажеттілігіне қарай салалық және сабақтас бағдарламалар әзірленетін болады", - деді ол.
Вице-министр АШМ ұсынып отырған бағдарламаны орындау үшін жобалық менеджмент жүйесін енгізуді көздеп отырғанын айтты.
"Біз ұсынып отырған бағдарлама – ұзақ мерзімді, күрделі және жан-жақты жоспар. Бұны іске асыру ауылға қатысы бар барлық мекеменің ұйымдасқан іс-қимылына байланысты болады. Сондықтан біз жобалық басқару жүйесін енгізуді көздеп отырмыз. Корпоративтік ортада бұл жобалық менеджмент деп аталады", - деді Арман Евниев.
Айта кетсек, бүгін Үкіметтің кезекті отырында, АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын өзектендіру, "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және өзектендіру, Алматы агломерациясын іске асыру барысы талқыланды.