Биыл Павлодар облысына Қытай, Моңғолия, Өзбекстан мен Ресейден 68 оралмандар отбасы көшіп келді, деп хабрлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Кәшкенова мәлім етті.
- Ағымдағы жылы облыста оралмандар санатынан 320 адамды құрайтын 80 жанұя мен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен 380 отбасына немесе 1520 адамға квота бөлінді, - деді Хелуа Кәшкенова.
– Алғашқысы 77,5 пайызға орындалды. 62 отбасы немесе 238 адамның басым бөлігі Қытай, Моңғолия, Өзбекстан мен Ресейден келген. Оның ішінде 21 отбасы Успен ауданында, 14 отбасы Павлодарда, 11 отбасы Ақсу қаласы мен ауылдық аймағында, алты отбасы Екібастұзда және Павлодар, Шарбақты, Лебяжі мен Баянауыл аудандарында бір отбасыдан орналасты. Спикердің айтуынша, отағасыларының барлығы жұмыспен қамтылған болса, жұбайлары көбінесе үй шаруасымен айналысады.
- Жылдың басынан бері облыс мамандары оңтүстік Қазақстанда өткен бес бос орын жәрмеңкесіне қатысты. Нәтижесінде тек 79 отбасы көшіп келді. Әзірге бұл бағытта жоспардың тек қана 19 пайызы орындалды. Алдағы уақытта жұмыс жүргізілетін болады, - деді Хелуа Кәшкенова.
Жалпы оралмандар мен Қазақстанның басқа өңірлерінен келетін қандастарға 105 мамандық бойынша 795 бос орын бар. Оның ішінде медицина саласында - терапевт, невропотолог, психиатр дәрігерлері, білім саласында - математика, физика ағылшын тілі, бастауыш сынып мұғалімдері және ауылшаруашылығы саласына - аграномдар, мал дәрігерлері, ветеринарлық мамандар мен зоотехниктер қажет.
Назым Қарабаева