Павлодар қаласына іргелес орналасқан Кенжекөл ауылдық аймағы Байдала ауылында екі бала суда ажал құшты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
- Жергілікті тұрғындар сағат 19.40-та Ертіс өзенінен екі ұл баланың денесін алып шыққан, - деді облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінде.
- Олардың біреуінің жасы жетіде болса, екіншісі - тоғызда. Алдын ала болжам бойынша, жеткіншектер шомылуға арналмаған орында суға түскен. Құтқарушылар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді және тыйым салынған су айдындарында шомылмауға кеңес береді. Айта кетерлігі, бұл биылғы шомылу маусымында тіркелген алғашқы қайғылы жағдай.
Еске сала кетейік, 15 маусымдағы жағдай бойынша өңірде ресми түрде 14 жағажай ашылған. Маусым айының басынан Павлодарда екі жағажай, Екібастұзда бір және Баянауыл ауданында 11 жағажай жұмыс істеп тұр.
Ақсу қаласы мен Ақтоғай және Ертіс аудандарындағы жағажайларды зерттеуге өтініш берілген.
Ақбота Сейсенбаева