Алматыда Нұрсұлтан шыңының етегінде серуенге шыққан қыз құзға құлап, мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қыз тауға арнайы сақтандыру құралдарынсыз шыққан. Төтенше жағдай кеше кешкі сағат 19.00 шамасында болған. ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, республикалық жедел құтқару жасағының кезекшісіне ер адам хабарласқан.
Ол Нұрсұлтан шыңының етегінен қыздың құлап кеткенін айтқан. Құтқару жасағы шұғыл түрде Талғар асуына дейін жетіп, Богданович мұздығында жігітпен кездесіп, ары қарай көтерілген.
«Жігіт пен қыз екеуі тауға бірге шыққан. «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортынан Нұрсұлтан шыңына бет алған. Туристердің қажетті киімдері, құрал жабдықтары болмаған. Екеуі де күрделілік деңгейі 2Б болатын маршрутпен жүрген. Бұл жолмен жүру үшін альпинистік құрал-жабдық, физикалық, психологиялық дайындық керек. Бойжеткен Нұрсұлтан шыңының етегінде құзға құлап кеткен», - дейді Р.Иманқұлов.
Құтқарушылар келгенде бойжеткен жантәсілім еткен. Таңғы 6.20 шамасында құтқарушылар қыздың денесін полицияға тапсырды. ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов тауға шыққан адамдарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
«Тауға түнгі уақытта шығуға болмайды. Шынықпаған, дайындығы жоқ адамдар үшін тау құздары өте қауіпті. Тау асуларынан таңғы уақытта асып үлгерген дұрыс. Дайындығы аз адамдар ұзынырақ әрі қауіпсіз маршрут таңдағаны жөн», - дейді Руслан Иманқұлов.