Археологтар әлемдегі ең ежелгі нан қалдықтарын тауып, осыдан 14 мың жыл бұрын аспаздық өнердің болғанын анықтады, деп хабарлайды Baq.kz.
Бұл ғылыми жаңалық адамның тамақтануына, әлеуметтік, мәдени және идеологиялық аспаздық дәстүрлерге көп өзгерістер енгізуі мүмкін.
Бұған дейін ең алғашқы аспаздық өнер мың жыл бұрын пайда болғаны айтылып келген еді.
Жақында археологтар күрделі аспаздық өнердің алғаш рет Таяу Шығыста 14 400 жыл бұрын пайда болғанын анықтады.
Ол кезде азық тек тамақтану үшін қажет етілді. Сондықтан да болар, ежелде азық-түлік қауіпсіз тұтыну мен көбірек энергия жинау мақсатында өңделген. Яғни, тамақтың ең бастысы энергетикалық құндылығы болған.
Археологтар қазба жұмыстары барысында діни кешеннен ең ежелгі нанды тапты. Нан қалдықтары табылған жер Шубайка 1 деген атпен танылған. Бүгінде бұл жерде Иорданияның солтүстік-шығысындағы шөл дала жатыр. Дәнді дақылдардан жасалған ежелгі нан тамақтанудың өзгешелігін көрсеткендей болды. Себебі жоғарыда айтқанымыздай бұған дейін ежелгі адамдар тамақтану кезінде энергия алуға басымдық берген. Ал бұл нан ол талаптарға сай келмейді. Шубайка 1 жеріндегі ежелгі адамдар нанды пісіруге өздері оны жеуден алатын энергиядан да көп күш жұмсаған болуы мүмкін.
Сол себепті ғалымдар нан ежелгі адамдар үшін ең алғашқы «ерекше» тамақ болғанын болжап отыр. Яғни, ол тұтыну мақсатында емес, бастысы мәдени және әлеуметтік, сондай-ақ идеологиялық себептермен пісірілген.
Ауыл шаруашылығы пайда болғанға дейін 3 500 жыл бұрынғы нан әлемдегі ең алғашқы ескерткіш тас ғимараттардың пайда болуымен тұспа-тұс келіп отыр. Айта кету керек, мұндай ғимараттар б.з.б 15 500 және 14 000 жылдар аралығында салынған. Бұл кезеңге сай келетін көптеген ғимараттар белгілі бір салт жоралар мен ұжымдық рәсімдер үшін салынған, оның ішінде адамды жерлеу секілді ырымдар да бар. Осы кезеңге жататын тас кешендердің кейбірінде расымен де адам жерленген.
Ал нан қалдықтары табылған ерекше ғимараттың диаметрі сегіз метрді құрайды және ол толығымен тастан жасалған.
Археологтар бұл ғимаратта қазба жұмыстарын жүргізу барысында тамақ қалдықтарын тапты. Сондықтан да бұл ғимарат жиын-тойлар үшін салынған болуы мүмкін деп болжанып отыр.
Қазба жұмыстары кезінде табылған азық-түлік қалдықтарының қатарында су құстары мен қоянның сүйектері, жабайы қыша, күйдірілген нан түйнектері мен үш түрлі қамыр бар. Ғалымдардың айтуынша, қуырылған етті жұқа нанға орап жеу бүгінгі таңда Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыстағы тамақтану ерекшеліктеріне ұқсайды. Табылған қалдықтар да осы жердегі ежелгі адамдар осындай үлгіде тамақтанғанын көрсетеді.
Таяу Шығыста 14 400 жыл бұрын ежелгі нанның болғаны нанды тұтынудың діни маңызына байланысты генезисті дәлелдегендей болды.
Иудаизмде Иерусалимдегі алғашқы тас ғибадатхана салынбас бұрын нан тасымалды Құдай үйінде, яғни, палатка іспетті қасиетті орында сақталған. Сонымен қатар бүгінгі таңда да ерекше нанды барлық еврей халқы әр жұма сайын кешкі уақытта тұтынады және еврейлердің мейрамында маццо деп аталатын жұқа нан жеу дәстүрге айналған.
Католицизмде де нан Иисус денесінің бөлшегі ретінде қарастырылады. Ал Ливан араб христиандары әлі күнге дейін өлілерді еске алу шараларында нан қолданады.
Шубайкадағы қазба жұмыстары барысында үш немесе төрт түрлі жұқа нан табылды. Жалпы, бүгінгі таңда табылған 254 қалдықтың 100-не зерттеу жүргізілді. Олардың тек 24–інің құрамы туралы мәлімет анықталды. Нан құрамына келетін болсақ, оның 75 пайызы жабайы бидайдан, 12,5 пайызы арпадан, 12,5 пайызы бидай мен осака атты жабайы өсімдіктің қоспасынан тұратыны анықталды.
Дегенмен, қазба орнынан қышаның ұрықтары көптеп табылғандықтан, нанның кейбір бөлігі бидай немесе арпа мен қыша тұқымының қосындысынан жасалды деген де болжам жасауға болады. Бір айта кетерлігі, Таяу Шығыста бұрындары қышаны нан пісіруге қолданғаны туралы дәлелдер бар. Ғалымдар сол себепті де осындай болжам жасап отыр.
Сол кезеңде Шубайка маңында арпа көп өсірілген. Дегенмен, зерттеу барысында байқалғандай, осы өңірдегі ежелгі нан өнеркәсібінде халық саналы түрде бидайды пайдаланған. Арпаға қарағанда бидай құрамындағы заттар қамырды тығыз ете түседі. Сол арқылы өте жұқа нан жасау жеңілдейді. Табылған нан қалдықтары көрсеткендей, сол кезеңде қалыңдығы 5-7 миллиметр болатын жұқа нандар жасалған.
Нәрлілік деңгейіне келсек, нан өндірісі тұрақты болмаған әрі халық оған жиі жүгінген деуге де келмейді. Себебі нан пісіруге қажетті жабайы дақылдарды жинау, тазалау, оны үгіту, қамыр дайындап, оны жаю – өте көп энергияны қажет ететін ауыр жұмыс. Яғни, оны жасау жегенде алатын энергиядан да көп күшті қажет етеді.
Шубайкада табылған жаңалық адамның тамақтану тәжірибесіне өзгерістер енгізуі мүмкін деген де болжам бар. Қазба жұмыстарын Копенгаген университетінің докторы Тобиас Рихтер басқарған команда жүргізген. Ал нанның құрамын Копенгаген университетінің профессоры Арранз Отаэгуй мен Лондон археология институтының маманы Лара Гонсалес зерттеген.
Археология институтының профессоры Дориан Фуллердің айтуынша, бұл жаңалық ежелі адамдардың тамақты тек калория үшін ғана тұтынбағанын көрсетті.
«Бұл зерттеу 14 мың жыл бұрын адамдардың тамаққа әлеуметтік, мәдени және идеологиялық себептердің бөлшегі ретінде қарай бастағанын көрсетті», − дейді ол.
Ғылыми жаңалықтың тағы бір ерекшелігі – алғашқы нан ауыл шаруашылығы пайда болғаннан 3 500 жыл бұрын жасалғаны белгілі болды. Сондай-ақ 14 400 жыл бұрын Шубайкадағы халық жабайы дәнді дақылдарды пайдалануды игергені анықталды.
Ғалымдардың айтуынша, нан пісіру арқылы халық дәнді дақылдарды өсіріп, ауыл шаруашылығының тууына септескен болуы мүмкін. Бұл ғалымдардың бұрынғы пікіріне мүлдем қарама-қайшы келетін түсінік. Себебі бұған дейін ауыл шаруашылығының пайда болуы нан жасауға әкелді деп айтылып келген болатын. Ал жаңа зерттеу барысында бұл жағдай мүлдем керісінше болуы да мүмкін екені анықталды.
«Нанның негізінде аспаздық өнердің дамуы Таяу Шығыста ауыл шаруашылығының пайда болуына әкелген. Нан мен ауыл шаруашылығы дәл осы Таяу Шығыстан Еуропа мен Солтүстік Африкаға тараған», − дейді профессор Фуллер.
Б.з.д. 15 мыңыншы жылдары нан жаңа тамақ түріне жатты.
«Шабайка 1 тек осы жерде ең ежелгі нан қалдықтары табылған соң ғана құнды емес, сондай-ақ бұл жерде әлемдегі ең ежелгі тас ғимараттардың бірі орналасқанын да айта кету керек», − дейді Копенгаген университетінің доценті Тобиас Рихтер.
Ғалымдар ашқан жаңалық туралы мақала америкалық «Ұлттық ғылым академиясының еңбектері» атты журналда жарияланды.
Айта кету керек, Шубайка 1 жерінде табылған нан бұған дейін ең ежелгі саналып келген, Таяу Шығыста табылған наннан 5000 жылға үлкен.