Грекияда ормандағы өрт кезінде жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша қайтыс болғандардың саны 74-ке жетті, деп хабарлайды Baq.kz.
Өрттің кең тарауына қатты жел әсер етіп, үйлер мен жолаушылар көліктері де өртке оранып жатыр. Қызыл оттан қашқан көпшілік тіпті теңізге секіріп қашуға мәжбүр болуда.
Премьер-министр Алексис Ципрас мемлекетте үш күнге қаралы күн жариялады.
Кеше тау биігінде бір-бірін құшақтап өлген 26 адамның денесі табылды.
«Олар эвакуация жолын таппақшы болған, бірақ, өкінішке қарай, олар да, балалары да өрттен құтылып үлгермеген. Соңғы күндерінің жақын қалғанын сезген олар бір-бірін құшағына алған», - дейді Грекияның Қызыл крест ұйымының басшысы Никос Экономпулос.
Бір айта кетерлігі, дүйсенбі күні басталған өрт желдің әсерінен сағатына 100 жылдамдықпен тез тарап кеткен. Іздестіру жұмыстарына қатысқан жауапты органдар өрттің бірінші күні жағалауға және су маңына қашқан жүздеген адамды аман тапты.
Енді құтқарушылар автокөліктер мен басқа да жерлерден тірі қалғандар мен өрттен зардап шеккендерді іздестіріп жатыр. Дегенмен, қайтыс болғандар саны әлі де артып жатыр.
Із-түссіз жоғалғандардың туған-туыстары арнайы сайтқа фотосуреттер орналастырып, оларды табуға ниеттеніп отыр. Ал мемлекеттің премьер-министрі Ципрас Аттикада төтенше жағдай жариялап, барлық апаттық қызметтердің мобильді жұмыс түріне көшкенін хабарлады.
Италия, Германия, Польша мен Франция ұшақтар мен көлік құралдарын жіберсе, Испания мен Кипр де қолдан келгенше көмек қолын созып жатыр.
«Библиялық апат»
Аттикадағы Мати курорты жергілікті туристер арасында кең танымал. Әсіресе, бұл жерге жазғы уақыттарда балалар мен зейнеткерлер көптеп келеді.
Тірі қалғандардың бірі Костас Лаганостың айтуынша, өрт өте тез жылдамдықпен көзді ашып-жұмғанша тарап кеткен.
«Арқамыз отқа оранды. Біз суға секірдік. Өзімізді құтқару үшін қашуымыз керек деп айғайлай бердім», - дейді ол.
Ал отбасымен бірге теңізге секіріп аман қалған Джордж Вокас өзі көмек көрсетпек болған екі әйелдің көз алдында қайтыс болғанын айтты.
Фотограф Пантелис Сайтастың айтуынша, өртенген денелер теңіз жанынан 15 метр жерден табылып жатыр. Ал апаттан ең кемінде 150 адам жарақат алған.
«Кемет сұлу жердегі өрттен бірден ойымызға «Библиялық апат» деген тіркес келді», - дейді аман қалғандар.
Өрт қалай пайда болды?
Ауа райы өте ыстық Аттикада құрғақ жаз айларында өрт жиі қайталанып тұрады. Дегенмен, жауапты мамандар мен құзырлы органдар бұл өрт бос тұрған үйлерді тонау мақсатында қасақана ұйымдастырылған деген болжам жасап отыр.