БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағытаев Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнында болып, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» (КПО) және «Конденсат» компанияларының жұмысымен танысты. Үкімет басшысының жанында БҚО әкімі Алтай Көлгінов болды.
Бақытжан Сағынтаев Қарашығанақ жобаларының іске асуымен танысып, КПО басшылығымен компанияның аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерін талқылады.
Қазір консорциум акционерлері Қарашығанақ кен орнын игеруге 23 млрд. доллардан астам инвестиция салған. Сондай-ақ Қазақстан бюджетіне 16 млрд. доллардан астам тікелей төлем түскен. Кен орнын игеруге ең соңғы технологиялар қолданылуда. Бұл технологиялар еліміздің экономикасына да, жоба серіктестеріне де неғұрлым тиімді болып, әрі жер асты қазба байлығын сауатты пайдалануға қызмет етпек.
Қарашығанақ кен орнын игеруге қазақстандық 4400 кәсіпорын да атсалысты. Олар КПО-дан 6,7 млрд. доллар тапсырыс алған.
Бұл кездесуде КПО қаржысына БҚО-да көптеген мектеп, аурухана, спорттық-мәдени нысандар салынып, жолдар жөнделгені айтылды. Компанияның облыстың әлеуметтік инфрақұрылымына салған инвестициясы 350 млн. доллардан асады.
Премьер-министр кен орнында болып, КПО компаниясының және «Конденсат» АҚ-ның өндіріс нысандарымен танысты. Компаниялардың жұмыстарын жоғары бағалап, қызметкерлеріне табысты еңбек тіледі.
Нұрлыбек Рахманов