Алматыда Виктор мен Лейла Храпуновалардың ісі бойныша өтіп жатқан сотта сотталушылар жалған фирмалар қалай басқарылғаны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сотталушы Айнагүл Садықбаеваның айтуынша, ол 2002-2003 жылдары Лейланың екі компаниясында бас есепші қызметін атқарған.
Одан кейін үш ЖШС бас директоры қызметіне тағайындалған.
Ол айтқандай, барлық сату-сатып алу туралы мәмілені әкімнің экс-жұбайы жүргізген.
«Лейла Храпунова компанияны басқарғанда тұрған ештеңе жоқтығын айтты. Сол кезде оның жолдасы әкім болды. Мен осындай лауазымды тұлғалар заңға қайшы ештеңе жасамайтын шығар деген ойда болдым. Лейла кабинетке шақырып, ЖШС құру туралы құжаттарға қол қойдыратын. Қағаздарды компанияның заңгерлері әзірлеген. Менің міндетім тек қана қол қою болатын», - деді Айнагүл Садықбаева.
Қазір әйел мемлекеттік жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті заңсыз талан таражға салды деп айыпталып отыр.
Екінші сотталушы Абылайхан Қарымсақов қағаз жүзінде 5 фирманың «бастығы» болған. 1995 жылы «Таң» телеарнасының басшысы Лейла Храпунова Қарымсақовты жалпы мәселелер бойынша орынбасар болып қызмет атқаруға шақырған.
«Мен көлік, құрал-жабдық, ғимараттарды бақылаумен айналыстым. Храпунов қала әкімі болғанда, Лейла саудамен айналыса бастады. Мен қасында болдым. Бірнеше ЖШС құрылды. Компаниялардың құжаты, мөрі бәрі Лейлада болатын», - деді Қарымсақов.
Оның айтуынша, барлық мәмілелер Лейла Храпунованың бақылауымен жүргізілген. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Лейла Храпунова 32 жылжымайтын мүлік, 16 жер учаскесінің иесі болған.