Сағынтаев Астанадағы нөсерден кейінгі су басу мәселесін шешуді тапсырды

Елордада бірнеше күн бұрын нөсер жауып, көптеген көшелер су астында қалды. Тіпті қоғамдық көліктердің ішіне су кірді.

Үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Астананың кейбір көшелерінің су астында қалуын сыңға алып, бас қаладағы арық пен кәріз жүйелерін реттеуді тапсырды деп хабарлайды Zakon.kz.

Бірнеше күн бойы тоқтамаған жаңбырдың салдарынан қаланың көркі қашты. Жаяу жүргіншілер әбігерге түсіп, қоғамдық көліктер зардап шекті, қаншама көшеде көлік тығыны орын алды. Бұған дейін, Мемлекет басшысы да жауын салдарынан су басу қаупін шешуді қатаң ескерткен. Қаладағы арық жүйелерін жаңғыртуды тапсырған. Шахардың көркі мен жағдайына әкімшілік жауап беретіні бәрімізге аян. Тұрғындар мен қоғамдық көліктер ешқандай да зардап шекпеуі керек. Тұран көшесі мен Бауыржан Момышұлы даңғылы, Молодежный ықшам ауданы, Бараев көшесіндегі төтенше жағдайлар, қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандығы алаңдатады, -деді Сағынтаев.

Министрлер кабинетінің басшысы атап өткендей, қаланың белгілі бір жерлерін су басу құбылысы «әдетке» айналып бара жатыр.

«Мұндай табиғи құбылыстарды алдын алу үшін білдірген ұсыныстарыңыз, пікірлеріңіз дұрыс, бірақ сонда да бұл мәселе қаланың жағдайына ғана байланысты емес. Бұл әдетке айналып бара жатыр - қаланың белгілі бір жерлерін үнемі су басып қалады. Су тіпті автобустарға да кіріп кетті. Әсіресе сол көшелерде жұмыс істеу керек, оларды алдын-ала тазалау қажет. Бұл туралы қала тұрғындары айтып жатыр. Осындай қиындық тумау үшін құдықтарды, нөсерге арналған арықтарды жиі-жиі тазалап, дайындап тұру керек », - деп атап өтті Б.Сағынтаев.

«Өткен аптада сіз (Астана әкімі Әсет Исекешев) Астананың кешенді жоспарымен таныстырдыңыз. Сіз ағынды сулар ағатын арықтарға, кәріздерге ерекше назар аударып, кешенді жоспарға көңіл бөліңіз. (...) Біз бұл жағдайға ат үсті қарап келдік, бір түн жауын жауып, судың астында қаламыз, сосын бәрін ұмытып кетеміз. Осыған Асқар Маминнің тағы бір рет көңіл бөлуін сұраймын», - деп тапсырды премьер-министр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: