Дәурен Абаев мектепке хиджаб киюге қатысты пікір білдірді

Ол діни құқыққа нұқсан келуі туралы әңгіменің бұл орайда орынсыз екендігін баса айтты.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасының «Ашық диалог» бағдарламасында мектеп оқушыларының хиджап киюіне қатысы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдарлама барысында оның жүргізушісі Түркістан облысына қарасты ауылдардың біріндегі мектеп оқушыларының сабаққа хиджаб киіп келуіне және соның төңірегінде орын алған шуға қатысты Дәурен Абаевтың пікірін сұраған болатын.

«Қазақстанда «Білім туралы» Заңға сәйкес орта мектептерде міндетті мектеп формасы енгізілген. Мектеп формасын сақтау дегеннің өзі қандай да бір атрибутикаларды немесе элементтерді, оның ішінде діни де пайдаланбау дегенді білдіреді. Яғни, заң сабаққа тек қана хиджабпен немесе орамалмен ғана емес, сонымен бірге қандай да субмәдени сипаттағы киіммен баруға шектеу қояды. Аудан әкімшілігі мен мектеп басшылығы құқықтық аясында ғана әрекет жасаған. Менің білуімше, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген жіне оқушылар мектепке хиджабпен баруларын тоқтатқан», - деді министр бағдарлама барысында.

Сонымен қатар ол діни құқыққа нұқсан келуі туралы әңгіменің бұл орайда орынсыз екендігін баса айтты.

«Бірден бұл мәселеге соңғы нүкте қояйық. Сөз қандай да бір дінді кемсіту, оған қоса діни сенімге нұқсан келтіру жайында болып отырған жоқ. Білім беру мекемесінен тысқары әркім қалауынша киінуге ерікті. Қазақстанда діни наным-сенімге бірегей әрі өте қолайлы ахуал қалыптасқан, меніңше, онымен ешкім де дауласа алмайды. Конституцияға сәйкес мемлекетіміз зайырлы саналады. Бұл сөздің өзі мемлекеттің діннен бөлек екендігін білдіреді. Ал мектеп - бұл ең алдымен мемлекеттік мекеме», - деді Дәурен Абаев.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: