Қазақстанда ресми дерек бойынша 23 мың адам есірткіге тәуелді

Мұндай мәлімет халықаралық сарапшыларды алаңдатып отыр.

Біріккен ұлттар ұйымының мәлімдемесі көңіл көншітпейді. Ауғанстандағы есірткі алқабының көлемі соңғы жылдары 200 мың гектардан 328 мың гектарға дейін артқан, деп хабарлайды Хабар 24.

Мұндай мәлімет халықаралық сарапшыларды алаңдатып отыр. Өйткені, есірткінің басым бөлігі Орталық Азия арқылы Еуропаға, одан әрі қарай мұхит асып жатыр. Бұл туралы Алматыда өткен ескірткімен күрес тақырыбына арналған халықаралық конференцияда айтылды. Дөңгелек үстелге халықаралық есірткімен күрес ұйымының өкілдері, Орталық Азия елдерінің қоғамдық ұйымдары, еліміздің ішкі істер және денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты. Есірткіні заңсыз экспорттайтын тек Ауғанстан ғана емес, оның балама түрлері елімізге Ресей мен Қытайдан да келіп жатыр. Қазір елімізде есірткіге тәуелді 23 мың адам тіркелген. Ал қоғамдық ұйымдар есірткіге еліккендердің саны 120 мыңнан асады деген дерек келтіріп отыр.

- Орталық Азияда есірткіге тосқауыл қою қиын болып тұр. Өйткені бұл аумақ есірткі өсіретін немесе оның балама түрлерін дайындайтын мемлекеттерге жақын орналасқан. Сондықтан біз бүгінгі жиында Орталық Азиядағы ескіртінің заңсыз экспортына жол бермеу жолдарын қарастырып, нашақорларды емдеу сынды бірқатар мәселелерді талқыладық, - деді CADAP бағдарламасының Орталық Азия бойынша өкілі Джон Питер Кулс.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: