Бүгін Павлодардағы №27 балабақшадан алты жасар екі баланың қашып кетуіне алақоржындар мен иттер себеп болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Жоғалып кеткен балабақша тәрбиеленушілерінің фотолары Instagram желісінде жарияланып, кейіннен олардың табылғандығы хабарланды. Мектепке дейінгі ұйымның басшысы Алла Борщевская агенттікке мәлім еткендей, №27 балабақшасының дайындық тобының бір тәрбиеленушісі құрбысына өзінің үй жануарлары: төрт алақоржын мен екі итін көрсетпек болған.
- Бұл жағдай серуендеуге шыққан кезде орын алған, - деді Алла Борщевская. – Тәрбиеші топты сапқа тұрғызған. Түскі асқа апарар алдында балаларды санап шығып, екеуі жоқ екенін білген. Ол қалған балаларды ішке кіргізіп, оқиғаны әдіскерге хабарлаған. Біз бірден барлық жерді қарап шығып, ата-анасына мәлімдедік. Сөйтсек, қыздар Қайырбаев көшесімен тура жүріп отырған.
Аталған көшеде тәрбиеленушілердің бірінің әжесі тұрады. Алайда әжесі үйде болмай шыққан.
Содан кейін балалар Тәуелсіздік көшесі, 204 мекенжайына қарай тартқан. Қозғалыс көп көшені өтуге жүргінші адамдар көмектескен.
Қажетті мекенжайға жеткеннен кейін балалар үйден ешкімді таппаған. Басшының айтуынша, қыздар қашуды алдын-ала жоспарлаған. Бейнебақылау екеуінің бұтаның артына жүгіріп барып, кейін театрланған үйшіктің артына, дәлізге тығылғанын көрсеткен.
- Оларды еріктілер тауып алды, - деді балабақша жетекшісі. – Қыздар подъезддің алдындағы орындықта күткен. Ақыры оларды пәтерге кіргізіп, жануарларды көрсетті. 39 жыл еңбек тәжірибемде мұндай оқиға бірінші рет болып отыр. Тәрбиеші де тәжірибелі. Жоғары санатты. Әрине, ол тәртіптік жазаға тартылады.
Дулат Райымбек