Қызылорда облысында келесі үш жылдың бюджеті қалыптастырылуда. Облыстық мәслихаттының кезекті XXIII сессиясында атап көрсетілгендей, өткен жыл¬дардағыдай, облыстық бюджет әлеуметтік және кәсіпкерлікті дамыту бағытын сақтайды.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және облыс бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасы аясында облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 64% жеткізуде тиісті қаржылар бөлініп, жолдарды жөндеу жұмыстары жалғаса береді.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әлеуметтік салаларға бірқатар жобалар ұсынылды, сондай-ақ, қосымша жыл ішінде бірнеше инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде «Қорқыт ата» әуежайы терминалы құрылысын жүргізу, облыста медициналық мекемелерді техникамен жарақтандыру, Қызылорда қаласында 600 орынға арналған колледждің құрылысы, 200 орынға арналған жатақхананың құрылысы, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы жобалар, облыстық маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстары енгізілген.
Сонымен қатар 16 тірек елді мекендердің инфрақұрылым және ауылдың жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларына республикалық, жергілікті және басқа қаржы көздерінен қаржы қаралады, «Орда» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізілетін болады.
Облыс үшін бірінші басымдық – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл облыс әкімдігінің және мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы филиалының, қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімі негізінде 2018-2020 жылдар өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары» ретінде өтеді.
Айта кету керек, осы бағытта қолға алынған шаралар бірқатар жетістіктерге негіз қалады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша шағын несие беру үшін облысқа жалпы 3,4 млрд теңге қаралған. Бұл ретте облыста 679 кәсіпкердің жобасына 2 млрд 145 млн теңгеден аса шағын несие ұсынылған. Ал, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, аймақта микробизнес субъектілерінің 280 жобасы шағын несиемен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде 600-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Одан бөлек, тұрақты бизнес өкілдерінің 102 жобасына «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктері арқылы 5 млрд теңгеге жуық несие қаражаттары ұсынылған.