Елімізде ғана емес, Орта Азияда бірінші болып құрылысы басталған зауытты «Данаке корпорациясы» мен Қытай мемлекетінің «Гежуба групп цемент» компаниясы бірлесіп қолға алғалы екінші жыл. Зауыт жыл соңына дейін Шиелі ауданында іске қосылмақ деп хабарлайды Қызылорда облысы бойынша zakon.kz тілшісі.
Жылына 30 млн тоннаға дейін тампонажды цемент өндіретін алпауыт компания жер-жердегі филиалдарының да жоғары сапалы өнім өндіруіне мүдделі. Жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, өзінің нарықтағы орнын одан әрі кеңейтуді көздейді.
«Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС зауыты жобасының жалпы құны 64 млрд теңге. Бас мердігері «Чайна Триумф Интернэшнл» – әлемдегі үздік 50 халықаралық көшбасшы компания қатарына жатады. Зауыт толықтай іске қосылғанда мұнда 300-ге жуық жұмысшы еңбек ететін болады.
Зауыт жылына 1 млн тонна тампонажды цемент өндіреді деп күтілуде. Шығаратын өнім атом өнеркәсібі мен газ-мұнай саласында сұранысқа ие. Шикізаты аса қымбатқа түспегендіктен, өнімнің бағасы да қолжетімді болады. Қазір доломит, уақ тас және құм карьерлері жұмысқа дайын.
Мемлекет зауыт құрылысына аумағы 46 гектар болатын жер телімін бөлген. Қазір қызметкерлерге арналған жатақхана және басқа да әлеуметтік құрылыстар бой көтерді.
Мамыр айында аудандағы индустриалды-аграрлық колледжде білім алған 48 жасөспірім Қытай Халық Республикасындағы зауыттарда қосымша оқудан өтті. Қазір олардың 16-сы елге оралып, шетелдік тәжірибені өндірісте қолдануға әзір.