Астаналық әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Тіркеу науқаны аясында емханаларға тіркелген тұрғындардың алдын ала мониторингін жасады, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Тіркелген тұрғындар саны бойынша «Салауатты Астана», «Шипагер» Отбасылық денсаулық орталығы» жекеменшік емдеу мекемелері мен қалалық №9, №2 емханалары көш бастап тұр.
Науқан басталғалы 18 761 азамат бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы мен маманды таңдауда еркін таңдау құқығын пайдаланды, 1233 адам науқан аясында тіркелді, бұл азаматтар - тұрақты немесе уақытша мекенжайы, жұмысы немесе оқу орнының өзгеруіне байланысты емханаларын ауыстырған тұлғалар.
Қор филиалының директоры Н.Қабдықапаровтың айтуынша, науқан шеңберінде емханаларға тіркелген азаматтарға 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет көрсетіледі. Жаңа емханаға тіркелген кезде бірыңғай жүйе азаматты бұрынғы емханасындағы тіркеуден автоматты түрде шығарады.
Бұл ретте емханаларға тіркелу процесі тұрғындар үшін күннен-күнге қолжетімді болып келе жатқандығын айта кеткен жөн. Енді ата-аналар үшін электронды үкімет порталы мен Telegram-бот egov.kz арқылы өз балаларын тіркеу мүмкіндігі пайда болды.
«Портал арқылы қызмет алу үшін egov.kz-те тіркелу және электронды цифрлық қолтаңбаның болуы жеткілікті. Бұл жерде аталған қызмет түрі бойынша 2007 жылдан бері туған балаларды тіркеуге болатындығын айта кеткен жөн», - дейді Қор филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
Еgov.kz порталының «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» бөлімінде балаға қызмет көрсету командасын таңдап, оның жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу қажет. Туыстық байланысты тексеру үшін сұрау салу АХАЖ-ға бағытталады. Мәлімет расталғаннан кейін тізімнен бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын (БМСКҰ) таңдап, сұранымды толтыруға болады. Өңделген сұраным сіздің Жеке кабинетіңізге жіберіледі.
Егер сіздің ұялы телефоныңызда Telegram мессенджері орнатылған болса, аталған қызметті сілтемесіне өтіп, Telegram-бот арқылы алуға болады. Ол үшін телефон нөміріңіз электронды порталдың профиліне бекітілуі тиіс. Электронды цифрлы қолтаңбаның болуы міндетті. Тіркеу кезеңдерінің барлығынан өткеннен кейін, тіркелуге онлайн-сұраным толтырылады. Астана қаласы бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиниканы таңдау» бөлімінде орналастырылған. Сұранымды рәсімдеу кезінде қандай да бір кедергілер туындаған жағдайда, 1414 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.
Тіркеу науқаны 2018 жылдың 15 қарашасына дейін жалғасады. Ережеге сай емханаға жылына бір рет тіркелуге болады. Бірақ бұл уақытша немесе тұрақты тіркеуін қайта рәсімдеген немесе қаланың басқа ауданына көшіп келген азаматтарға қатысты емес. Емханаға тіркелу мерзімі шектелмеген, медициналық қызметті жылдан жылға бір жерде алу үшін бір рет өтініш рәсімдеу жеткілікті.