Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында «2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы» міндет қойған. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде заманауи спорт кешендері салынып, түрлі спорт түрлерін дамытуға жағдайлар жасалуда. Халықтың салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған бастамалар қолдау тауып, түрлі турнирлар өткізілуде деп хабарлайды zakon.kz.
Осындай турнирдің бірі - 2018 жылғы 3 қараша күні Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт кешешінде Кёкушинкай Каратэден балалар арасындағы Алматы облысының IV чемпионаты өткізілді.
«Кёкушинкай Каратэ бүкілқазақстандық ұйымы» қоғамдық ұйымы Алматы облыстық филиалының мұрындық болуымен өткен аталған турнирде 20 клубында жаттығатын 4 жастан 17 жас аралығындағы 315 ұл мен қыз татамиде бағын сынады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналыққа сүйенсек, қазір бұқаралық спортты, оның ішінде балалар спортын дамытуға қолдау көрсетіліп жатыр. Балалардың бүгінгі турнирге мұқият дайындалған. Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Үш жүзден астан спортшы 35 санатта мықтыларды анықтауда. Турнирге барлық аудандардан, Текелі, Үштөбе сынды қалалардан қатысушыларымыз бар. Ұл-қыздардың көзіндегі отты көріп, қазақ спортының алар асулары биік екеніне көз жеткіземіз. Осы турнирді өз деңгейінде ұйымдастыруға көмектескен «Жастар» спорт кешенінің басшылығына және сэнпайларға, басқа азаматтарға филиал атынан алғысымды білдіремін»,- деді «Кёкушинкай Каратэ бүкілқазақстандық ұйымы» қоғамдық ұйымы Алматы облыстық филиалының директоры Сэнсей Қасабаева Сания Өмірқажықы (1 Дан).
Турнирдің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Мағжан Қасабаев жаттықтыратын «Кумитэ» клубы 7 алтын алып, топ бастады.
Ұйымдастырушылар таратқан ақпаратқа сәйкес, «Кёкушинкай Каратэ бүкілқазақстандық ұйымы» ҚО 1997 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде шығыс жекпе-жегінің қыр сырын үйретумен айналысады. Бүгінгі таңда жиырма мыңнан астам ұл мен қыз татамиде тәлім алып, өзін-өзі қорғаумен қатар, шығыс мәдениетінің қыр-сырын үйренуде.
Айта кетейік, Қазақстан, Еуропа және әлем чемпионы Сэнсей Қасабаева Сания Өмірқажықы Алматы облысының филиалына басшылық еткен 4 жыл ішінде облысымыздан Балалар-жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының екі жүлдегері, Еуразиялық және қазақстандық жарыстардың жеңімпаздары шықты. Жастарымыз Жапонияда өткен ашық чемпионаттың күміс жүлдесін иеленді.
Сондай-ақ, «Кёкушинкай Каратэ бүкілқазақстандық ұйымы» қоғамдық ұйымы Алматы облыстық филиалының әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан көпбалалы отбасыларға, тәрбиесі қиын балалармен жұмыс жүргізіп, жеңілдіктер қарастыратынын атап өту қажет. Еліміздің чемпионаттарында үздік өнер көрсеткен жасөспірімдерді әлемдік додаларға тегін, яғни, ұйым есебінен алып баруы да болашақ ұрпақ тәрбиесіне қосқан сүбелі үлесі деп білген жөн.