Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Польшаның Силез университетімен білім беру, ғылыми байланыстар бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз орталығы.
Атап айтқанда, Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова Польшаға жасаған арнайы іс-сапары аясында Катовицедегі іргелі жоғары оқу орнының ректоры Анджей Ковальчикпен кездесіп, әріптестік байланыс орнатуға уағдаласты.
Құжат академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер, профессор-оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер алмасуды, бірлесіп ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруды, ағылшын тілі курстарын ұйымдастыруды, қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында оқытуды қарастырады. Сонымен қатар, меморандумда академиялық ақпараттармен, оқу-әдістемелік құралдармен және материалдармен бөлісу, өзара келісім-шарттар негізінде басқа да академиялық ынтымақтастықтар орнату көзделген.
Кездесуде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова педагогикалық білім ордасы турасында сөз қозғап, тараптар ғылыми-мәдени қарым-қатынастарды нығайтуға бағыталған өзара тиімді екіжақты дамыту мәселелерін талқылады.
– Алдына қазіргі уақыт талабына толық жауап бере алатын педагог кадрларды даярлауды мақсат етіп қойған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті өзінің қызметін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізеді. Университеттің 6 факультетіндегі 28 кафедра 42 бакалавр мамандығы, 23 магистратура мамандығы және 4 PhD докторантура мамандығы бойынша мұғалімдер дайындайды. Сонымен қатар, сырттай оқу бөлімінің студенттері 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясын пайдаланып, білім алады. Бүгінде оқу орнында жалпы саны 7 мыңға жуық студент, магистранттар мен докторанттар оқиды. Оларға 55 ғылым докторы, 230-дан астам ғылым кандидаты мен 90-ға жуық PhD докторы мен ғылым магистрі дәріс береді. Университеттің 30 ұстазы «Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезінде – 1944 жылы ашылған бұл бірегей білім ұясын осы жылдар аралығында мыңдаған түлек бітіріп шықты. Қазіргі күнде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылым, өнер, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады, – деді Г. Төремұратқызы.
Оқу орны ректорының айтуынша, қазіргі таңда Қыздар Университеті әлем елдерінің 30-дан астам жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Англия, Үндістан, Франция, Қытай, Германия, Түркия, Малайзия сынды мемлекеттердің беделді университеттері бар.
Өз кезегінде Анджей Ковальчик екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланыстың арта түсетіндігіне сенім білдіріп, ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендігін жеткізді.
– Катовицахтағы Силез университеті Польшаның іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Ашылғанына 50 жылдан астам уақыт болған университет осы жылдар аралығында еліміздің білім беру жүйесі үшін жоғары білікті педагог кадрлар, экономистер, архитекторлар, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын, инженерлер мен ғылыми қызметкерлер даярлап келеді. Қазіргі күнде оқу орнындағы 12 факультет, 3 аралық факультет, 200-ден астам мамандық және 80-ге жуық білім беру бағдарламасы бойынша оқытады. Қазіргі күнде университетте 30 мыңға жуық студент, магистранттар мен аспиранттар білім алуда. Оларға 2 мыңға жуық профессор-оқытушы дәріс береді. Оқу орнының факультеттері Польшаның Катовицах, Сосновце, Хожове және Тешине қалаларында орналасқан. Оқу корпустары, жатақхана мен Мәдениет орталығы, спорт алаңдары, бассейн, спорттық-сауықтыру кешені, Ақпараттық-технологиялар орталығы, оқу зертханалары, мамандандырылған пән кабинеттері, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген компьютер кластары, кітапхана студенттердің сапалы білім алуына қызмет көрсетеді, – деп атап өтті А. Ковальчик.
Бүгінде Польшаның бұл оқу орны әлемнің 36 еліндегі жоғары мектептермен ынтымақтастық орнатып, олармен 600-ден астам меморандум жасасқан. Университет студенттері Еуропа елдерінің білім ордаларында Erasmus+ бағдарламасы аясында 3-12 ай мерзімінде білім алуға мүмкіндігі бар.