Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменовтің көз жұмуына себепкер болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот ісіне нүкте қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сот Малика Мұхитованы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, қауіпсіздігі минималды түзету мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыру туралы, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы үкім шығарады», - деді іске қатысты үкім шығарған судья Қанат Тобағалиұлы.
Малика Мұхитова сонымен бірге сот процесі кезінде кеткен 324 мың теңгелік процессуалдық шығынды өтейтін болды.
Еске сала кетсек, осы маусым айында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов мерт болған еді.
Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды. Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.
Айта кетсек, 12 қазанда Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот процесі басталып, Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған еді.
Іс бойынша прокурор Ә.Бараев соттан айыпталушыны 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.