Орталық мемлекеттік органдар жыл соңына дейін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген 89 млрд теңгені игерулері қажет. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2018 жылғы нақтыланған республикалық бюджетте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағларламасына 439 млрд теңге қарастырылған. 330 млрд теңгесін орталық мемлекеттік органдар игереді, ал 109 млрд теңгесі өңірлерге берілді. Оның ішінде нысаналы трансферттер - 73 млрд теңге және бюджеттік кредиттер - 36 млрд теңге. Мемлекеттік бағдарламаның игерілу барысы министрлік тарапынан апта сайын қадағаланып отыр. 10 айдың қорытындысы бойынша республикалық деңгейде 335 млрд теңге игерілді, яғни бұл есепті кезең жоспарының 99,5 және жылдық жоспардың 76,3 пайызы. Бюджетті нақтылауды ескере отырып, жыл соңына дейін орталық мемлекеттік органдар 89 млрд теңгені игеруі қажет», - деді министр.
Оның дерегінше, Қазақстанның заманауи көліктік инфрақұрылымын қалыптастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инфрақұрылымын және жылумен, сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін жаңғырту бағыттары бойынша мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаржылар есепті кезеңде толық игерілген. Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобалар бойынша 1,1 млрд теңге игерілмеген.
«Бұл қаражаттың 0,7 млрд теңгесі Білім және ғылым, 0,4 млрд теңгесі Ауыл шаруашылығы және 0,04 млрд теңгесі Ұлттық экономика министрліктеріне тиесілі», - деді ол.
Әлихан Смайыловтың сөзіне қарағанда, есепті кезеңнің 1 қарашасына өңірлерге 93 млрд теңге нысаналы трансфертер мен кредиттер бөлінді. Аталған соманың 91 млрд теңгесі игерілді. Ең көп игерілмеген соманың 733,3 млн теңгесі Солтүстік Қазақстан, 358,7 млн теңгесі Қызылорда, 233,1 млн теңгесі Маңғыстау және 156,2 млн теңгесі Жамбыл облыстарына тиесілі.
«Республикалық бюджетті нақтылау барысында жалпы мемлекеттік бағдарлама бойынша 37,5 млрд теңгеге тәуекелдер анықталып, олар қысқартылды. Бірақ, Білім және ғылым министрлігіне «Өнімді инновацияларды ынталандыру» бюджеттік бағдарламасының жылдық сомасын 4,5 млрд теңгеге қысқартқанына қарамастан, әлі де болса 2,5 млрд теңгеге міндеттемелер қабылдауы қажет. Бұл соманың 96 пайыз сыртқы қарыздар есебінен қаржыландырылады. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкке қаражатты алуға тапсырысты уақтылы беріп, грант алушыларға қаражатты аударуды жылдамдатуы тиіс. Орталық және жергілікті органдардың мәліметтеріне жыл соңына дейін сәйкес мемлекеттік бағдарлама бойынша қаражатты толық игерілуі күтілуде», - деді министр.