Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көсемі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласы біздің қоғамда тың серпіліс тудырғаны айдан анық.
Әсіресе, өнер кеңістігін молынан қамтитын, Рухани Жаңғыру кезеңін байыта түсетін биік идеялар қазақ ұлтының мерейін асыруға бағытталған екен. Сонымен қатар Қазақстан халықтарының сүттей ұйыған татулығын, елімізде салтанат құрған толеранттылықты нығайтатын, мемлекеттік сананы биіктетін идеологиялық берік арқау деп қабылдаймын.
Біздің өнер саласына – театр әлеміне негіз болатын, авторлар үшін жаңа драматургиялық туындылар тууына шабыт беретін тамаша идеялар бұл мақалада жетіп артылады. Ұлы даланың өткені мен бүгінін тұңғиығынан жалғап тұрған рухани дүние зиялы қауымға ой салары сөзсіз. Ұлы Жібек жолы ежелден Шығыс пен Батыс өркениеті үшін алтын көпір болатын.
Елбасының мақаласындағы "Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы" және "Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі" деп аталатын тараулар ерекше қызығушылық тудырды. Кино мен ТВ, театр өнері бәрі де бір-бірімен сабақтасқан, іргелес салалар. Киноға лайық сюжетті театр тілімен де өзгеше сарында қоюға болады. Телевидение көбінесе сахналық құрылымды қарызданып жатады. Сондықтан Елбасының мақаласында айтылған ойлар біздің театр жанрын рухани өсіре түседі деп сенемін! Өнердің өрісі ешқашан тарылмайтынын "Ұлы даланың жеті қыры" атты Елбасының мақаласы әйгілеп тұрғаны анық. Мұндағы жүзеге асырылуға бек лайық жобалар түбінде түркі әлемін дүниежүзіне танытатын ұлы істерге бастайды.
Айболат Сексенбаев, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық қазақ драма театрының директоры.