Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты, "Qazaqstan ardagerleri" Қауымдастығының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері, жазушы, ақын Бақытбек Смағұлдың "Нұрсұлтан Назарбаев. Алтын ғасыр" атты кітабының тұсаукесер салтанаты өтті. Іс-шара "Тұңғыш Президент күні" және "Тәуелсіздік күні" мерекелеріне арналып отыр, деп хабарлайды BNews.kz.
"Таяуда ғана жарияланған "Ұлы Даланың жеті қыры" атты тұжырымдамалық мақаласында Елбасы: "Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі" деген дана сөз айтты. Алдарыңыздағы "Нұрсұлтан Назарбаев. Алтын ғасыр" атты көркем тілмен жазылған ғылыми еңбек менің ұзақ жылдардан бергі ой-толғаныстардың жемісі болып табылады", - деді Бақытбек Смағұл.
Оның көркем тілмен жазылған бұл ғылыми зерттеу еңбегі ірі 7 тараудан тұрады. Әр тарау Елбасы-Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұлғасының жеті қырын ашады.
Атап айтқанда, "Тәуелсіздік – мәңгілік үшін күрес кеңістігі" тарауында Елбасының жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретіндегі тарихи рөлі сомдалады, Мәңгілік ел құру жолындағы сын-тегеуріндер тұжырымдалады.
"Елбасы шапағаты" тарауында автордың Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен 1984 жылдан бергі естеліктері, Мемлекет басшысының соғыс ардагерлеріне қамқорлығы баяндалған.
"Мен кітапта Елбасы тұлғасына қатардағы қарапайым азамат тұрғысынан да қарап отырмын. Өйткені 1984 жылы алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенде, мен депутат та, мемлекеттік қызметші де, не болмаса, қоғамдық ұйым жетекшісі де емес едім, мен ол тұста қарапайым көше сыпырушысы, жүк түсіруші болып қызмет атқарып жүргенмін. Бұған намыстанбадым, керісінше, қалыс қалмайын, табыс табайын дедім. Жетім інілерім мен қарындасыма қарайладым. Оның үстіне Ауған соғысынан енді ғана оралған кезім", - деп баяндады қоғам қайраткері.
Ол Қазақ ССР-інің Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне қандай қамқорлық жасағанын айтып берді.
"Сонда "жетімбұрыш" жағалап жүрген мені Қазақ ССР-інің Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қабылдап: "Айналайын, соғысқа жолдағанда, ешкім де сенен сұраған жоқ. Ендеше сен неге мына жерде "Прошу" деп жазасың? "Требую" деп жаз! "Согласно Постановлению ЦК КПСС, Совета Министров СССР №59-27..." требую!" деп жаз" деп қаламын ұсынды. Бұл оқиғаның егжей-тегжейі кітапта айтылады", - деді Бақытбек Смағұл.
"Елбасы – жаңа ұлтты қалыптастырған феномен" атты тарауда мемлекетқұраушы қазақ ұлтының айналасында ұйысқан Қазақстан халқын – "Болашағы біртұтас ұлтты" түзу кезеңдері мен сол жолдағы қиыншылықтар нақты оқиғалар негізінде сараланады.
"Астана – жаңғырудың рәмізі" тарауы елорданы жариялау және тұрғызу кезеңінде болған, бірақ бұған дейін ел назарынан тасада қалып келген тосын оқиғалар мен тың деректерге құрылған.
"Өмір шынайылығын өзгерткен лидер" тарауында Бақытбек Смағұл әскери сарапшы ретінде Қазақстан Президентінің дүниежүзіндегі әртүрлі қақтығыс ошақтарының өшіп, тұрғындарының бейбіт өмірге оралуына ықпал еткен бітімгер бейнесін сөзбен сомдайды.
"Азшылық ұлтты алыпқа айналдырған" тарауында халқының саны аз болғанымен, әлемдік көшбасшы мемлекетке айналған дамыған елдер тәжірибесі сарапталады, сондай-ақ "Ұлт Атасы" атанған тарихи лидерлер қатарында саналатын Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды озық "отыздық" қатарына қосу стратегиясының мән-маңызы ғылыми талданады.
"Президентке бағыну – жағыну емес, саясатын қолдау – табыну емес" қорытынды тарауында Тұңғыш Президенттің "Рухани жаңғыру" бағдарламасына және содан өрбитін мәселелерге мән беріледі, шын жүйріктерді емес, тіл жүйріктерді ілгері шығарған "постшындық" ("post-truth") дәуіріндегі демагогия мен популизмнің қауіптілігі, прагматизмнің қажеттілігі әлемдік тарихи деректер арқылы дәйектеледі.
Кітап қалың оқырманға, әр сала мамандарына, сондай-ақ болашақ "назарбаевтанушыларға" орнықты ой, дәйекті дерек, тағылымды түйін, ұлағатты ұйғарым ұсынады.