«Күйеуі ұрып өлтірді»: Алматыда 3 баланың анасы отбасылық жанжалдан кейін көз жұмған

Қалалық полиция департаментінің өкілдері аталған жайтқа қатысты қосымша ақпарат беретіндерін мәлімдеді.

Алматыда үш баланың анасы отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. 33 жастағы Сайрангүл Лайсқызының туыстары осылай деп отыр. Айтуларынша, әйелді өз күйеуі әбден сабаған көрінеді. Бұл туралы zakon.kz, Алматы телеарнасы жариялаған ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.

Марқұмның туыстары қыздарының өліміне күйеу баласы - 28 жастағы Ерғалиды кінәлі деп отыр. Олардың сөзіне сенсек, отағасы спирттік ішімдік ішіп, әйелін өлімші етіп сабаған.

«Көзінен, қарақұсы мен желкесінен, құлақ шекесінен жарақаты әлі кетпеген. Асылып өлген деп мойындамай отыр. Егер асылып қалса арқан тамақ арқылы иекке тірелуші еді, ал қылқындырған із өндіршектің тұсында тұр. Жанжалдың шығуына – күйеу баланың үнемі басқа қыздармен жүруі себеп. Сол күні де ішімдік ішкен», - дейді марқұмның туысы Назарбек Сәбенұлы.

Сайрангүл ауыр жарақаттардан кейін ауруханада 1 ай жатқан. Ол бүгін таңғы төрттер шамасында қайтыс болды. Туыстары осы уақытқа дейін полицейлердің іске араласпағанына наразы. Тәртіп сақшылары тек өлім тіркелгеннен кейін ғана төбе көрсетіп, оқиғаның мән-жайымен енді танысып жатыр екен.

Ал, Сайрангүлдің күйеуі Ерғали өзін кінәлі санамайды. Ол «сол күні спирттік ішкенім рас, алайда, әйеліме қол көтергенім жоқ» деп ақталып отыр.

«Сол күні сыра ішкенім рас. Бірақ, әйелімді ұрған жоқпын. Болған жайтқа өкінемін, егер мені кінәлі деп тауып жатса кез-келген жазаны көтеремін», - дейді марқұмның күйеуі.

Өзінің айтуынша, әйелін ол жалдамалы үйдің есігіне асылып қалған жерінен тауып алған көрінеді. Бірақ, Сайрангүлдің үстіндегі жарақаттардың қайдан пайда болғанын түсіндіріп бере алмады.

Марқұмның артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Үлкен ұлы Бейбарыс сегізде болса, ортаншы қыз Шырын алты жаста, ал үйдің кенжесі Уәлихан небәрі 7 айлық.

Қалалық полиция департаментінің өкілдері аталған жайтқа қатысты қосымша ақпарат беретіндерін мәлімдеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: