Алматы облысында мал ұрлығын кәсіп қылған топ ұсталды

3 күн ішінде өзгенің малын қолды қылды деген күдікке ілінген 21 адам ұсталған.

Полицейлер Көксу ауданындағы мал ұрлығының 4 дерегіне қатысы бар деген күдікпен екі малшыны ұстады. Екі азамат 12 бас ірі қараны үптеп кетті деген күдікке ілініп отыр деп хабарлайды zakon.kz.

Аталған деректертердің барлығы биыл Жарлыөзек ауылдық округі аумағында тіркелген. Екі күдікті азамат та малшы болып жүріп, жайылымдағы бос жүрген бөтен малды қолды қылуы мүмкін. Яғни, қараусыз малды өз бағуындағы малға қосып алып, кейінірек сатып алушыларға етін немесе сиырлардың өзін тірідей өткізген.

«Анықталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының 2-тармағына «Ұрлық» дерегіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тексеру аяқталғанға дейін күдіктілер мекенжайын ауыстырмау және келу туралы міндеттемемен жіберілді. Сондай-ақ, Көксу ауданының тәртіп сақшылары ұрланған малды сатып алушыларды анықтады және олар да қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес облыста мал ұрлығына қарсы күрес шаралары өткізіліп, 3 күн ішінде өзгенің малын қолды қылды деген күдікке ілінген 21 адам ұсталған.

«Ұсталған азаматтар 19 ұрлық дерегіне қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінді, оның 4 фактісі өткен жылдары жасалған қылмыстар санатына жатады. Жыл басынан бері ауыл тұрғындарына 1200-ге жуық мал басы табылып, заңды иелеріне қайтарылды. Полицейлер 100 астам ұрлық дерегіне қатысы бар екені дәлелденген мал ұрлығын кәсіп қылған 35 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды»,- деп атап өтті тәртіп сақшылары.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: