Бүгін, 12 наурыз күні, ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019–2023 жылдарға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет болжамы нақтыланды, деп хабарлайды Zakon.kz Қазақстан Республикасы премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-Министр ұсынылып отырған өзгерістерді енгізу халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік бастамаларын іске асырумен байланысты екенін атап өтті.
"Президенттің барлық бастамаларына толық көлемде қаржы бөлініп, жүзеге асырылатын болады", — деп Асқар Мамин, алға қойылған міндеттердің уақытылы орындалуын, нәтижелі және сапасының жоғары болу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар үкімет отырысында биылғы қаңтар–ақпандағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындысы шығарылды.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тау-кен, химия өнеркәсібінде, машина жасауда, сауда, көлік саласында, ауыл шаруашылығында оң өсім қарқыны байқалатынын атап өтті. Жалпы ЖІӨ екі айда 3,5%-ға өсіп отыр.
Бұдан өзге, биылғы ақпан айының қорытындысы бойынша қаңтар айымен салыстырғанда құрылыс, негізгі капиталға инвестициялар тарту, өңдеу өнеркәсібі, металлургия салаларында оң өсім қарқыны байқалады.
Дегенмен, кейбір өңірлер негізгі капиталға салынған инвестициялар және өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы көрсеткіштер бойынша артта қалып отыр.
Осыған орай, Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлер әкімдерімен бірге көрсеткіштерге қол жеткізбеу себептерін зерделеп, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жоспарлы оң өсу көрсеткішіне шығу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.
"Экономиканың тұрақты өсуі – біздің негізгі міндетіміз. Биыл ЖІӨ-нің кемінде 5% көлемінде өсуін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет", — деді А. Мамин.
Бұдан бөлек үкімет отырысында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды.
А. Мамин Елбасының туризмді дамытудың аса маңызды екенін бірнеше мәрте атап өткенін айтты.
"Алдымызда туризм саласын дамыту аясында күрделі, өршіл, дегенмен қолдан келерлік міндет тұр", — деді Премьер-Министр А. Мамин.
Алдын ала бағалау бойынша, ҚР туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай туризм саласының ЖІӨ-дегі үлесі 8%-ға дейін жетеді, туризмді дамытуға инвестициялар көлемі алдағы 7 жылда 2 трлн теңгені құрайды, 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады, оның 72 мыңы – тұрақты жұмыс орындары, туристер саны жылына 7 млн-нан 15 млн-ға дейін ұлғаяды.
Туризм саласы Қазақстан экономикасының драйверіне айналуы тиіс екенін айтты және бұл үшін барлық қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалғанын тілге тиек етті Премьер-Министр.