ҚР Ұлттық банкінің болжамына сәйкес, болжамның ішкі және сыртқы алғышарттарын ескерсек, 2019 жылы жылдық инфляция таргеттелетін 4-6%-дық дәліз шегінде болады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алдыңғы "2018 жылғы қараша-желтоқсан" болжамдық раундымен салыстырғанда 2019 жылы инфляция траекториясы төмендеу жағына қарай түзетілді, - деп отыр Ұлттық банктегілер.
2020 жылғы бағалау бойынша проинфляциялық тәуекелдер іске асуы мүмкін.
Біріншіден, реттелетін қызметтер тарифтерінің төмендеуі инфляцияға жағымды ықпал етпейді. Екіншіден, фискалдық ынталандырумен байланысты тұтынушылық сұраныстың өсуі сақталады. Сонымен қатар әлемдік азық-түлік инфляциясының серпіні Қазақстандағы азық-түлік инфляциясының өсуіне болжамдық перспективада әсер етеді, - дейді қаржы саласының өкілдері.
Болжамдық перспективада шығарылым айырмасы оң жағдайда сақталады, соның нәтижесінде баға белгілеу процестеріне қосымша проинфляциялық қысым байқалады. Орта мерзімді перспективада оң айырма болжамдық кезеңнің соңына қарай нөлге жақындап, қысқаратын болады.
2019-2020 жылдары Қазақстанның нақты ІЖӨ өсуі әлеуетті деңгейге жақын деңгейге дейін баяулайды. ІЖӨ-нің өсуі жөніндегі болжамдар өткен болжамдық раундпен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ. Экономикалық белсенділіктің қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдердегі серпінін айқындайтын факторлардың айтарлықтай айырмашылығы болмайды.
2019-2020 жылдары ІЖӨ-нің нақты өсуі баяулап 4%-дан төмен нәтижені құрайды. Тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың ұлғаюы аясында ішкі сұраныс ІЖӨ-нің өсуінің негізгі күші болады. Экономика бюджеттің жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды арттыруға және өзге де әлеуметтік шараларға шығыстарының өсуімен байланысты 2019-2020 жылдарда фискалдық серпіннің аздап өсуімен ынталандырылады. Экспорттың баяу өсуінен таза экспорт экономиканың болжамдық кезеңде өсуін шектейді, - делінген Ұлттық банк болжамында.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жылына 4 рет болжамдық раунд жүргізеді, оның барысында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің, бірінші кезекте инфляцияның ортамерзімді кезеңдегі (алдағы 7 тоқсандағы) болжамы жүзеге асырылады. Алынған болжамдар мен бағалар негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясаты бойынша, оның ішінде базалық мөлшерлеме деңгейі бойынша шешімдер қабылдайды.
2019 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі кезекті болжамдық раундты[1] аяқтады. Болжам кезеңі 2019 жылғы 1-тоқсан – 2020 жылғы 3-тоқсан аралығын қамтиды.
Базалық сценарий ретінде мұнай бағасының бір баррель үшін 60 АҚШ доллары болатын сценарийді қарастырды.