Генерал Мұрат Ұрұмханов: Алматы облысында ауыр қылмыстар азайды

Былтыр облыс көлемінде тәртіп сақшылары алты мың бес жүзден астам ұрлықты әшкере қылды - Ұрұмханов.

Алматы облысының аумағында 2018 жылдың қорытындысы бойынша аса ауыр қылмыс саны 13 пайызға, ауыр қылмыстар саны 10 пайызға төмендеді. Бұл туралы облыс тұрғындарымен кездесу барысында Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

"Былтыр облыс көлемінде тәртіп сақшылары алты мың бес жүзден астам ұрлықты әшкере қылды. Оның 300 астамы бұрын жасалған қылмыстар санатына жатады",- деп атап өтті облыстың бас полицейі.

Бүгін Талдықорған қаласында облыстың бас полицейі халықпен кездесті. Полиция жұмысын жақсарту туралы облыс тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, жеке мәселелері бойынша сұрақтарына жауап берді.

Кездесуге тыңғылықты дайындалған тәртіп сақшылары шалғай аудан тұрғындары үшін "онлайн" қосылу мүмкіндігін қарастырса, Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде көру мүмкіндігі жасалды.

Мәдениет сарайының фойесіне тұрғындардың ұсыныстары мен сұрақтары үшін арнайы жәшік орналастырды. Сол жерде қоғамдық қабылдау өткізген полиция өкілдері көптеген мәселелерге тұщымды жауаптар берді. Қосымша тексеруді талап ететін келелі мәселелерді жазып алған полицейлер, қалайда жауап жолданатынына сендірді.

Жиын соңында ашық диалог жүргізіп, халықтың пікірін тыңдаған генерал-майор М. Ұрұмханов жиналған халыққа алғысын білдірді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: