Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов сырттай 17 жылға сотталған Атырау облысының бұрынғы әкімінің Лондан көшесінде қыдырып жүрген сәті бейнеленген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
- Ия, біз бұл видеоны көрдік. Өкінішке қарай, еліміздің аумағында қылмыс жасап, сосын Қазақстаннан шетелге қашып кеткен бірқатар азаматтарымыз бар. Ол халықаралық іздеуге берілді. Бірақ, бізде әлі құқықтық көмек беру жағынан және экстрадицилау бойынша келісім-шарт жасаспаған мемлекеттер бар. Барлық құқықтық арналар бойынша шара қолданылатын болады. Біздің сырттай соттай алатын мәселеліріміз бар, сондықтан барлығы құқықтық шеңбердің аясында шешімін таппақ,- деді Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
2019 жылы қаңтарда оны сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Атырау облысының бұрынғы әкімі бөтеннің мүлкін жымқыру, алаяқтық жасау, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, қызметтік мансабын теріс пиғылда пайдалану, пара алу сияқты баптар бойынша кінәлі деп танылған. Сот құжаттарына сәйкес, Рысқалиев өзінің қызметтік мансабын пайдалан отырып, облыстық әкімдіктің лауазымды тұлғаларымен алдын ала келісу арқылы мемлекеттің өзіне сеніп тапсырылған қаражатты аса ірі көлемде жымқыру мақсатында қылмыстық жүй құрған. Мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы 72 миллиард теңгеден асып түскен.