Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов еліміздің тарихында мыңжылдықтар датасын атап өткен Тараз бен Шымкент, Түркістан мен Алматыдан кейінгі бесінші өлке ретінде Маңғыстау атауының мың жылдығы анықталғанын хабарлады. Мәдениет және өнер күндеріне орай ұйымдастырылған шарада өңір басшысы осылай деп мәлімдеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан "Рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалары аясында Ералы Тоғжанов жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстаудың тарихын жүйелеуге қатысты жауапты мамандарға арнайы тапсырмалар берген болатын.
Шетелдік ғалымдардың қатысыумен кешенді ғылыми зерттеулер, халықаралық деңгейде экспедициялар мен конференциялар жоспарлы түрде іске асты. Нәтижесінде тың ғылыми жаңалықтар ашылып, Маңғыстау тарихы сонау энеолит заманынан (б.з.д. 4 жылдық), яғни 6000 жылдықтан бастау алғаны, ал біздің заманымыздың 1000 жылынан бастап тарих бетінде тарихи Маңғыстау (Маңғышлақ) атауы пайда болғаны дәлелденді.
Өз баяндамасында аймақ басшысы Ералы Тоғжанов:
- Маңғыстау жерін қола (4-3 мың жыл бұрын) және темір (2,5-2 мың жыл бұрын) дәуірінен бастап көне грек және парсы жазбаларындағы дай-даха, массагет, сармат тайпалары мекен етсе, антикалық кезеңде (б.з.д 2- б.з. 4ғғ.) халықтардың Ұлы көшінің негізгі қозғаушылары болған алан, ғұн тайпалары қоныс тепті. 2000 жыл бұрын мекен еткен алан, ғұн тайпаларынан бізге жеткен қазіргі таңдағы әлемдік сенсация деп "Алтынқазған" жерлеу орыны мен "Қарақабақ" қалашығын айтуға болады.
Осы кезеңнен бастап кейінгі орта ғасырға дейін Маңғыстау жері Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағында ірі транзиттік орталыққа айналып Қызылқала, Кетікқала қалалары мен Үстірт бойында керуен-сарайлар бой көтерді. Дәл осы уақыттан күні бүгінге дейін өлкемізде түркітілдес оғыз, хазар, қыпшақ, ноғай, түрікмен, қазақ тайпалары кезең-кезеңімен мекен еткен. Мұның барлығы бір жыл алты ай ішінде 7 елдің 70-ке жуық ғалымдарының кешенді жұмыстарының нәтижесінде нақтыланды. Осыған орай, нақты ғылыми дәйектерді ескере отырып "Маңғыстаудың МЫҢ жылдығын" жариялаймын!
Игі шарамыз 4-маусым – Мемлекеттік рәміздер күнінде бастау алады" деп атап өтті. Маңғыстау мұраларын зерттеуге арналған халықаралық экспедиция нәтижесінде 5 жерасты мешіті, 20 шыңырау-құдықтар, 20 таңбалы тастар анықталып, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Ғалымдардың еңбектері Франция, Ұлыбритания, Түркия, Әзірбайжан, Ресей басылымдарында жарық көрді.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау атауының тарих беттерінде кездесуінің 1000 жылдығының аясында:
- "Тарих толқыны: Маңғыстаудың мың жылдығы" халықаралық ғылыми конференциясын ұйымдастыру;
- Ұлы Жібек жолындағы Алтынқазған, Қарақабақ, Қызылқала, Кетікқала қалашықтарына кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, жер асты мешіттері мен таңбалы тастарын ғылыми зерттеу, оларды қорғауға алу шараларын қабылдау;
- тарихи - археологиялық ескеркіштерімізге қызығушылық танытқан дүниежүзілік National Geographic және франциялық Pernel Media компанияларымен деректі фильмдер түсіру;
- Қызылқала қалашығының ЮНЕСКО-нің әлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл зерттеу жұмыстары Маңғыстаудың тарихы 1000 жылдық атаулы датасымен шектелмейді. Тамыры терең Маңғыстауды зерттеудегі жүйелі түрдегі жүзеге асқан жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.