Атырауда автокөлік иелері бір аптадан бері газ тапшылығын сезінуде. Жанармай бекеттерінің бірінде көгілдір отын мүлдем жоқ болса, енді бірінде, жүргізушілердің айтуынша, баға 55-тен 90 теңгеге дейін шарықтап кеткен, деп хабарлайды Ақжайық басылымына сілтеме жасап, Zakon.kz.
- Осыдан екі апта бұрын 55 теңгеден болған. Газ қазір кейбір жерлерде 90 теңгеге дейін өсіп кеткен. Алайда, сол бағаға да табу қиын болып кетті. Бір-екі күн бұрын мен түнгі сағат үштерде адам бола қоймас деп жанармай бекетіне барсам, ұзын-сонар кезекті көріп, үйге қайтып кеттім, - деп әңгімелеген газет тілшісіне жанармай бекеттерінің бірінде жолыққан атырауық Қайрат деген көлік жүргізуші.
Газдың болмауы, жұмыстары автокөлікпен тығыз байланысты адамдарды да қатты алаңдатып отыр.
- Жанармай бекеттерінде бірінші кезекте талоны барларды қабылдап жатыр, менде талон жоқ. Тіпті, кезекте бір сағат тұрып та көлікке газ құйдыра алмауың мүмкін. Көлік жүрмеген соң жұмыс бола ма? Бүгін міне, жұмыс істеймін де, ертеңнен бастап демаламын, - деп шағымданды газет тілшісіне такси жүргізушісі Ризабек.
13 шілде де Атырау облысы әкімдігінің Telegram чат-каналында тұрғындардың шағымына Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Данияр МҰҚЫШЕВ былай деп жауап берді:
- Газ жеткізудің тоқтатылуы АМӨЗ ЖШС тарапынан жоспарланған жоқ. Дәл қазіргі сәтте тиісті шаралар қабылданып жатыр. Энергетика министрлігі Ақтөбеден Атырауға газ жіберу жөнінде шешім шығарды. Келесі аптада болады деп күтіп отырмыз. Орын алған жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Алайда, бұл жауаптың берілгеніне де 5 күн өтті, ал ахуал менің жанармай бекеттеріне жүргізген мониторингі мен оқырмандардың қоңырауы және әлеуметтік желілердегі комментарийлерге қарағанда еш нәрсе өзгермеген.
- 15 шілдеде барлық бекеттер Ақтөбеден сұйытылған газды жеткізу жөніндегі келісімшартқа отырды. Кеше бізге бірінші партиясын жіберді, ол бүгін-ертең жетеді. Бағаның өсіп кеткеніне келетін болсақ, бұл әлеуметтік газ емес, олар (автобекет иелері) жеке кәсіпкерлерден сатып алады, сол себепті баға жоғары. Бізге Ақтөбеден сұйытылған газ айдың аяғына дейін жеткізіледі, ал 1 тамызда АМӨЗ-де жөндеу аяқталады, - деп жауап берген Данияр Мұқышев жергілікті басылымның жолдаған арнайы сауалына.