Ата-аналар "барахолкада" жүр – Алматы облысында тағы да оқулық тапшы 

Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылында орналасқан №24 лицейде 5 сыныпқа 14 пән бойынша оқулық таратылуы керек болса, қолға тиіп жатқаны - 11-12-ақ кітап.

Алматы облысы мектептерінде оқулық жетіспеушілігі мәселесі жаппай белең алуда. Мысалы, Алматы облысы Өтеген батыр ауылында орналасқан №24 лицейде 5,6,7, сыныптарға оқулық жетіспей жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Оған басты себеп – өңірде қарқын алған демография мен ауылдан қалаға ағылған миграция", - дейді мектеп кітапханашысы Zakon.kz-ға берген түсініктемесінде.

Алғашқы қоңырау соғыла салысымен Алматы облысындағы білім ордаларында дүрбелең басталып кетті. Соның бірі – оқулық тапшылығы. "Қай баспа, қай кітап" деген ата-ана базарға лап қоюда. Жаз бойы оқулықтардағы қатемен арпалысқан жаңа министр оның саны жағына келгенде, бас қатыруға уақыты жетпеген секілді.

Нәтижесі міне. Мысалы, Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылында орналасқан №24 лицейде 5 сыныпқа 14 пән бойынша оқулық таратылуы керек болса, қолға тиіп жатқаны - 11-12-ақ кітап. Демек, әр ата-ана кем дегенде екі оқулыққа қалтасынан ақша шығаруы керек. Олар солай істеп те жатыр, 1 қыркүйектегі линейкадан шыға сала базарға тартуда.

- Маған 4 пән бойынша оқулық жетпей қалды. Сатып алыңыз деді мұғалім. Жалғыз маған жетпей қалған жоқ. Сыныпта 25 бала бар. Соның барлығына бір-екі кітаптан жетпей қалды. Олар да сатып аламыз деп отыр, - дейді №24 лицейдің 5-сынып оқушысының анасы Кәмшат Тілеухан.

Негізінде, Қазақстанда барлық оқушының санына қарай оқулық басып шығарылады. Оқушылар бір мектептен басқасына ауысып, ауыс-түйіс болып жатқанымен, оның басында кітап бар. Ол үшін бюджеттен ақша шығарылып, оқулық жеткілікті деңгейде шығарылған.

Демек, бір жерде оқулық жетпей жатса, тағы бір жерде ол артылып қалып жатыр. Міне, жетпей жатқандар сол артылған оқулықққа қол жеткізуі керек. Бірақ көптеген мектеп осы мәселені шешудің орнына оны ата-анаға жүктей салғанды жөн көретін секілді. Сатып алсын дейді. Болды, мәселесі оңай шешілді емес пе? Қайбір оқулықты Қазақстанның қай түкпірінен іздеп, оны қалай жеткіземін деп бас қатырғанша дейтін шығар. Бірақ бюджет ақшасына басылып шыққан оқулық оқушы қолына міндетті түрде тиюі тиіс. Ол ысырап болып бір жерде қалмауы керек. Ата-ана қалтасына салмақ салынбауы тиіс. Оны жеткізу – негізінен, мектептің міндеті.

Айтқандай, Алматы облысындағы №24 лицейде 5-6-7 сыныптар бойынша оқулық жетіспеушілігі орын алып жатқанын мектеп кітапханашасы Салтанат Әбілқасымова да растады. Оның айтуынша, оқулық жетіспеушілігі Алматы облысына, әсіресе Алматы қаласы маңына жақын орналасқан "Қуат" секілді жаңа елді-мекендер үшін дағдыға айналған құбылыс.

"Оған басты себеп – өңірде қарқын алған демография мен ауылдан қалаға ағылған миграция", - дейді ол.

- Қазір бізде 5-6-7 сыныптар бойынша оқулық тапшылығы сезіледі. Себебі біз жыл соңындағы бала санына қарай оқулыққа тапсырыс береміз. Ал жаңа жылда сыныптар толығады. Мәселен, 5 сыныпты алатын болсақ, ол былтыр "е" сыныбына дейін барған. Ал биыл оған тағы бір сынып қосылып, жаңадан "ж" сыныбын аштық. Көрдіңіз бе, 25-30 баламен тағы толықты. Олардың барлығы бүтіндей кітапсыз емес. Беріп жатырмыз, жеткізіп жатырмыз, бірақ 1-2 оқулық бойынша айырма болып тұр, - дейді ол.

Кітапханашы 1 тоқсан біткенше оқулық тапшылығы мәселесі толығымен жойылатынын да қадап айтты.

- Қазір оқулықтарды таратып жатырмыз. Енді есебін шығарамыз, қай пән бойынша қанша оқулық жетіспейтінін. Сол бойынша қайта тапсырыс өткіземіз жоғарыға. Қазан айына дейін оқулық жетіспеушілігі мәселесі толығымен жойылады. Оған дейін оқулық жетпей қалған ата-аналар бірдеме қып амалдай тұрса болады. Мәселен, "ксерить" етіп немесе телефонына түсіріп алып, "ватсаппен" жіберіп дегендей, - дейді ол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: