Жамбыл облысының тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының нақты іске асатын сәті туды. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы қолдау білдірген пилоттық жобаның бюджетін бекіту бойынша кеше ҚР Үкіметінің нақты шешімі шықты. Енді қаралып отырған 7,2 миллиард теңгені облыс бойынша таңдалған он ауылда тиімді игеру қажет. Бұл жергілікті билік пен ауылдықтар үшін мерейлі міндет, үлкен сын болғалы тұр. Бүгін Қордай ауданына жұмыс сапарымен келіп, Жамбыл ауылдық округ тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Асқар Мырзахметов осыны айрықша атап өтті.
Аталмыш кездесу барысында ауылдықтардың жоба бойынша қолға алып жатқан жұмыстары баяндалды. Округ әкімі Айдар Бірімқұлов жобаның бес бағыты бойынша жеке-жеке тоқталып, тұрғындардың ұсыныс-ниеттерін тілге тиек етті.
Айта кетейік, жобаның пилоттық кезеңіне енген Жамбыл ауылдық округіне екі елді мекен қарайды. Онда барлығы 1054 аулада, 6845 адам тұрады. Ол аулалардағы жалпы жер көлемі 105 гектарды құраса, сумен қамтылғаны 634 аула, яғни 79 гектар.
Бүгінде ауылдағы бірінші бағыт бойынша несиеге өтінім беріп үлгерген 472 ауланың жер көлемі 62 гектарға тең. Тұрғындар үй іргесіндегі жерлеріне негізінен аскөк, сарымсақ, шалғам, картоп, қызынақ, қияр егуге ықылас танытып отыр. Жамбылдықтар аянбай тер төгіп, екі айналымда өнім алуға дайын. Ал, екінші бағыт-мал шаруашылығы бойынша ауылдағы 216 аула қамтылмақ. Жалпы 1054 үйдің 614-інде малы жоқ десек, өңір басшысы малы бар үйлердің де төрт түліктерін жобадағы шекке дейін көтеру бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ, округте "Бастау Жаңатұрмыс" ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Құрылым ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, малдың жем-шөбін әзірлеу, техникамен тапшылығын шешу, сапалы ұрықпен қамту, өнімді өткеру секілді көптеген мәселелерді шешумен айналыспақ. Тіпті, тұрғындарға егіншіліктің тиімді тәсілдерін меңгертіп, бағыт-бағдар беру мақсатында ауылда тәжірибелі агроном жұмыс жасамақ.
Асқар Исабекұлы ҚР Үкіметі кеше ғана жобаның бюджетін бекіткенін тілге тиек етіп, ендігі кезекте тек сөзден іске көшу керектігін баса айтты.
Кездесуден соң облыс басшысы Қордай ауданындағы "Первомайские деликатесы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысымен танысты. Жоба құны 858 миллион теңге. Өнім қуаттылығы жылына 6380 тонна ірі қара мал еті және ұсақ мал етін сойып өндіруге қауқарлы. Негізінен кәсіпорында қоғамдық тамақтану және ет өңдеу кәсіпорындарына бөлшектелген және жартылай бөлшектелген ет, буып түйілген вакумды қораптағы ет кесімдісі, сорпа-жинағы, филе өнімдері өндіріледі.
Өткен жылы кәсіпорында 911 миллион теңгеге 1188 тонна ет өнімдері өндірілсе, ағымдағы жыл басынан бері 541 миллион теңгеге 395 тонна ет өнімдері шығарылған.
Серіктестік жұмысымен танысқан Асқар Исабекұлына кәсіпорын тарапынан ет өнімдерін экспортқа шығару мәселесі туындап отырғаны айтылды. Өңір басшысы мәселенің мәнісіне үңіліп, жауапты тұлғаларға шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың аудандағы жұмыс сапары "Кордай Корм" ЖШС-інің жұмысымен танысумен түйінделді. Зауыт негізінен құрама жем шығару және майлы дақылдарды қайта өңдеумен айналысады. Серіктестік басшысы Талғат
Сәрсембаев кәсіпорынның жылына 3 мың тонна құрама жем шығаруға қауқарлы екенін жеткізді. Өнделген өнімнің басым бөлігі мал ұстайтын тауар өндірушілерге, аудан тұрғындарына өткізілуде екен. Барлығы 11 адам жұмыс жасайды.
Бүгінде мұнда тәулігіне 20-30 тонна құрама жем шығарылуда. Ал май цехы күніне 5 тонна мақсарыдан сығу арқылы 400 литр, 5 тонна күнбағыс дәнінен 200 литр май өндіріледі.
Серіктестік басшысы кәсіпорынның өзекті мәселесі ретінде 300 килоВатт трансформатор орнату, газ тарту және ауыз су құдығын қазу қажеттіліктерін жеткізді. Тиісті тұлғаларды түйінді түйіткілдерді оңынан тарқату үшін шаралар қабылданатын жеткізді.