Түркістан облысы бойынша әлеуметтік нанның орташа бағасы - 71,5 теңге көлемінде. Ал Түркістан қаласында арнайы дүкендерде 75 теңгеден сатылуда, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бүгін бұл туралы арнайы рейдтік шара аясында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт мәлімдеді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтың төрағалығымен арнайы құрылған жұмыс тобы әлеуметтік нан бағасының өсуіне қарсы жүйелі жұмыстар атқаруда. Бүгін облыс орталығы Түркістан қаласында әлеуметтік нан бағасын бақылауға арналған рейдтік шаралар ұйымдастырылды.
Шара аясында сала мамандары мен БАҚ өкілдері Түркістан қаласында бірнеше маркеттер мен әлеуметтік дүкендерді аралады. Ондағы әлеуметтік нан мен азық-түлік бағаларымен танысты. Рейд барысында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт бағаны тұрақтандыру үшін атқарылып жатқан шараларды баяндады.
- Қазіргі таңда Түркістан қаласына бидайды төмен бағамен жеткізу жөнінде келіссіздер жүргізілген. Сондай-ақ, жергілікті "Ақжол" ЖШС наубайханасымен келісім-шарт жасалды. Наубайхана күніне 25000 дана нан өнімін даярлап, қала сұранысының 80 пайызын қамтып отыр. Әлеуметтік нан өндіру үшін наубайхана арзандатылған 1-сұрыпты бидай ұнымен қамтамасыз етілетін болады. Өндірушілерге арзан бағадағы шикізатты жеткізе отырып, әлеуметтік нан бағасын тұрақтандырып отыратын боламыз. Күнделікті 1-сортты ұннан жасалған әлеуметтік нан Түркістан қаласындағы 20 сауда орнында (әлеуметтік дүкендер, "Шапағат", "Береке" сауда үйлері) 75 теңгеден сатылуда. Ал облыс бойынша әлеуметтік нанның орташа бағасы 71,5 теңге көлемінде. Мамандар нанның салмағын да қадағалауда ұстап отыр, - деді Нұрлан Мархабатұлы.
Шара аясында Түркістан қаласындағы азық-түлікті төмендетілген бағамен сататын әлеуметтік дүкендер де таныстырылды. Түркістан облысы бойынша Тұрақтандыру қорының басқарма директоры Марал Марасилов жергілікті тұрғындар арзан бағада азық-түлік алулары үшін Түркістан қаласында 8 әлеуметтік дүкеннің жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
- Біздің қорымызда 14 әлеуметтік дүкеннің 8-і жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қалған дүкендерді іске қосатын боламыз. Әлеуметтік 19 тауардың бағасын тұрақтандыру үшін жұмыстар атқарылуда. Жалпы қазіргі таңда қоймада 12 мың тонна өнім бар. Бұл қор бағаны қалыпты ұстауға жеткілікті. Ал әлеуметтік нан бағасын көтермеу мақсатында наубайханаларға арзан бағада ұн, субсидия беруді қолға алып жатырмыз, - деді Марал Марасилов.