Қасым-Жомарт Тоқаев елордалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында болып, Үкіметке бұл ғимаратты қайта жаңалап, қасынан жаңа тағы бір корпус салуды тапсырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев ота жасайтын және реанимация бөлімдерін аралап көріп, медициналық мекеменің ұжымымен әңгімелесті.
Президентке институт жұмысының негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ, медицина мекемесінің ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.
Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты – медицинаның аталған саласы бойынша озық технологияларды әзірлеумен, жетілдірумен және енгізумен айналысатын Қазақстандағы бірден-бір ғылыми-клиникалық және білім беру орталығы. Мұнда күн сайын 50-ден астам, ал бір жылда 8 мыңнан аса ота жасалады. Бүгінде медициналық орталықта 385 емделушіге арналған 14 клиникалық бөлімше жұмыс істейді. Осы бөлімшелердің негізінде буындарға эндопротез жасау, артроскопия және спорттық жарақаттарды емдеу, омыртқа патологиясын түзету сияқты 3 республикалық орталық ашылған.
Мекеме қызметкерлерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институты жанынан қосымша 23,2 мың шаршы метрлік медициналық корпус салуға шешім қабылдағанын айтты. Президенттің пікірінше, ғылыми-зерттеу институтының ескірген ғимараттары заман талабына сай келмейді.
– 2021 жылы бұл жерде жаңа ғимарат бой көтереді. Тиісті қаражат бөлінеді. Құрылыс жұмыстарына 26 миллиард теңге қажет. Мұның қомақты сома болғанына қарамастан, Үкіметке тиісті тапсырма беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа корпуста 6 ота жасайтын зал, 300 орындық оңалту орталығы, оқу бөлімдері, сондай-ақ, медициналық бұйымдар шығаратын шағын зауыт болады. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету көлемі 45 пайызға артады.
Институт ұжымы Президентке мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің игілікті еңбегін жоғары бағалап, оларға табыс тіледі.