Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында сөйлеген сөзі

Реформалар тек реформа үшін жасалмайтынын түсінуіміз керек - Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтіні жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Құрметті Ұлттық кеңес мүшелері!

Бүгін өздеріңізбен Кеңестің екінші отырысына жиналып отырмыз. Осы уақыт ішінде айтарлықтай жұмыс атқарылды. Оның нақты нәтижелері де бар. Біз бірден тиімді әрі үйлесімді жұмыс істеу үшін күш жұмылдырдық.

Осы орайда, мен мемлекеттік аппаратқа Ұлттық кеңестің жұмысына барынша қолдау көрсетуді тапсырдым.

Бұл жұмысқа Президент Әкімшілігі де тікелей атсалысуда.

Ұлттық кеңестің хатшылығы маған есеп беріп отыр. Бұл ретте, биліктің диалог орнатуға және реформа жасауға мүдделі екеніне ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын.

Сіздердің көпшілігіңізбен жеке-дара кездестім. Ұсыныстарыңызды, бастамаларыңызды мұқият қарастырып, бірқатар өзекті мәселе жөнінде пікір алмастық.

Ұлттық кеңес мүшелері жұмыс барысында қызу пікірталасқа түсіп, маңызды жағдайларды талқылады. Соның барысында, атап өту керек, бірқатар түйткілді мәселе бойынша ортақ ұстанымға келдік.

Бұл демократияны нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға үлкен серпін беретін жұмыс деп санаймын.

Біздің тәжірибеміз халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр.

Көпшілік оны жауапты әрі сындарлы диалогтың үлгісі ретінде қабылдады.

Ең бастысы, Ұлттық кеңес қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелдеді.

Мұның тағы бір маңызды қыры бар.

Біз сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз. Соның арқасында, сан алуан пікірлер мен балама көзқарастар, сындарлы ұстаным, жауапкершілік сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шығады.

***

Мен "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жария еттім. Мұны жақсы білесіздер.

Біз өз қызметімізде, ең алдымен, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуымыз керек. Халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ.

Ұлттық кеңес, бірінші кезекте, қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылды. Біз осы сенімді ақтауға тиіспіз.

Әрине, азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселенің бәрін бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен, бірқатар мәселе бойынша алға ілгерілеп, шұғыл шешімдер қабылдадық. Жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оның қарқынын бәсеңдетпейміз.

Көкейтесті мәселенің бірі – Жер және оны тиімді пайдалануға қатысты.

Жақында Ақмола облысына жасаған сапарымда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімсіз пайдалану жайына назар аудардым.

Бұл бағытта, менің ұстанымым – бекем: Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық.

***

Сонымен бірге, жерді сот арқылы алып қоюдың тиімді және жедел тетіктерін қарастыру маңызды.

Игерілмей жатқан жер телімін қайтарып алу кезінде істі созбалаңға салудың түрлі амал-айласы, өкінішке қарай, орын алатыны болды.

Осындай жағдайда жерді ешкім пайдалана алмай, бос қалады.

Үкімет тиісті құқықтық актілерді жедел қабылдап, игерілмей, бос жатқан жерлерді экономикалық айналымға енгізу шараларын қолға алуы тиіс.

Мемлекет болашағына қатысты мәселе бойынша алауыздыққа жол беруге болмайды.

Біз оң өзгерістерді билік пен қоғамның ортақ келісімі және сындарлы іс-әрекеті арқылы ғана жүзеге асыра аламыз.

Осыны есімізден шығармайық.

Ұлы Абай "...Бірлік – ақылға бірлік" деген.

Бұл ынтымақ пен ықпалдасу жалпы халықтық ырысқа жол ашады деген сөз.

Сондықтан, мен еліміздің ұлтжанды азаматтары мен түрлі қоғам өкілдерін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын.

***

Келесі мәселе – ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы.

Бұл біздің кәсіпкерлеріміз бен азаматтарымызды алаңдатып отырған мәселе.

Менің тапсырмам бойынша Ұлттық банк бағам саясатының ашықтығын, сол арқылы оған халықтың сенімін арттыратын тетіктерді әзірледі.

Ұлттық Банк 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық Қор трансферттерінің валюта нарығындағы айырбасын ай сайын және тоқсан сайын жариялап отыруы тиіс.

Сонымен бірге, айырбас кестесі де жарияланады.

Ақша-несие саясатының стратегиясы қабылданады.

Менің Жолдауымда айтылғандай, микро және шағын бизнес табыс салығынан 3 жылға дейін босатылады.

Оларды тексеруге дәл осындай мерзімге мораторий жарияланды.

Мемлекет тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, көлеңкелі экономика мәселесі шешімін таппай отыр.

Жалған фирмалар ашып, ақша жымқырудың сан түрлі тәсілдері жойылар емес.

Шын мәнінде, бұған қарсы тиімді күресе алмай келеміз.

Құзырлы органдар көбіне тиісті шараларды дер кезінде қолданбай отыр.

Соның салдарынан кінәсіз кәсіпкерлер де зардап шегеді.

Ал, нағыз ұйымдастырушылар жауапкершіліктен құтылып кетеді.

Сондықтан, заңсыз айналымға қарсы күрес шараларын күшейтіп қана қоймай, бұл істе тың серпіліс жасау керек.

Кеңес мүшелері осы жұмысқа бизнес өкілдерін жұмылдыруды ұсынды.

Өздерінің ықтимал контрагенттерін бағалау және тексеру үшін оларға тиімді құрал беру қажеттігі айтылды.

***

Осылайша, Атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы тетіктеріне айтарлықтай түзетулер енгізіледі.

Еңбек етуге ынталандырудың жаңа тәсілдеріне баса мән беріліп, Атаулы әлеуметтік көмекті асыра пайдалану барынша азаяды.

Сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді әлеуметтік-патронаттық қолдауды күшейту керек деп санаймын.

Білім алуға, жұмысқа орналасуға, тұрғын-үй мәселесін шешуге арналған негізгі талаптар баршаға түсінікті болуы қажет.

Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бұл мәселені шешуге бизнес өкілдері мен мемлекеттік компанияларды тартуда.

Осы тәжірибені басқа да өңірлерге тарату керек.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін енгізу қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, Еліміздегі 106 мың мүмкіндігі шектеулі адамның 25 пайызы ғана жұмыспен қамтылған.

Жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдау үшін арнайы квота бөлуі тиіс. Үкіметке осы міндеттің орындалу барысын қадағалауды тапсырамын.

Орындамаған жағдайда өтемақы төлеу мәселесін қарастыру керек.

Барлық аймақтарда Еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орталықтары жұмыс істеуі тиіс.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында мұндай орталықтар жоқ.

Бұл – үлкен кемшілік, сондықтан ондай орталықтарды қалайда ашуды тапсырамын.

Осы жұмысты мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі арқылы іске асыруға болады.

Сондай-ақ, жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі адамдарға оңалту көмегін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы есебінен беру мәселесін қарастыруды ұсынамын.

Тағы бір маңызды мәселе – зейнетақы жүйесін жаңғырту.

Жұмыс берушілердің міндетті 5 пайыздық зейнетақы жарнасын төлеуге қатысты дау-дамай басылар емес.

Мұны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастау көзделген болатын, алайда әлі күнге дейін баршаға ортақ ұстаным жоқ.

Сондықтан, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімі кейінге (2023 жылға) шегерілді.

Мен бұған егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ қояйын.

Бұл мәселе Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық саладағы басқа да көптеген ұсыныстары сияқты Президент Жолдауының аясында қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр.

***

Жеке кездесулер барысында көтерілген мәселелер бойынша нақты жұмыстар жасалуда.

Солардың көпшілігіне қатысты оң шешім қабылданды және барлығы Ұлттық кеңес хатшылығының бақылауына алынды.

Әлеуметтік саладағы жұмыстармен қатар, саяси жүйені реформалау және жаңғыру мәселесі көпшіліктің назарында.

Билік бұған қатысты сындарлы диалог орнатуға мүдделі.

Осы орайда, біз Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарынан бөлек, мемлекет тарапынан да тың бастамалар көтеріп жатырмыз.

Барлық ұсыныстарды талқылай отырып, ортақ пайымға келеміз деп сенемін.

Ең бастысы, реформалар елді дүрбелеңге салатын емес, тұрақты дамуға бастайтын қадам болуы шарт.

***

Екіншіден, саяси партия құру үшін тіркеу кедергілерін азайту.

Қазір саяси партияны тіркеу үшін оның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек.

Бұл норма ұзақ уақыттан бері сақталып келеді және өткен кезеңнің талабына сай болды.

Енді жаңа саяси жағдайда, бір жағынан, азаматтардың талап-тілектеріне, екінші жағынан, ықтимал тәуекелдерге лайықты үн қатуымыз қажет.

Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңіне өтетіндей дәрежеге жетті.

Сондықтан, тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынамын, яғни 20 мыңға дейін. Бұл – айтарлықтай маңызды өзгеріс.

Ол азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Жалпы, біз партияларға және сайлауға қатысты Заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек.

***

Төртіншіден, бізге парламенттік оппозиция институты қажет.

Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты – балама көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек.

Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысты.

Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік.

Сондықтан, Парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет.

Бұл үшін «Парламент туралы» заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру қажет.

Мысалы, басқа да партиялардың өкілдері Парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымдарын иелене алатындай жағдай жасау керек.

Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

***

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі халық алдындағы жауапкершілікті сезініп, ел үмітін ақтауы тиіс.

Реформалар тек реформа үшін жасалмайтынын түсінуіміз керек.

Біз тың бастамаларды жан-жақты ойластырып, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Бұл – өте маңызды.

Реформалардың басты мақсаты – даму бағытымыздан ауытқымай, оған тың серпін беру.

***

Билік мемлекетіміздің дамуына, болашағына пайдасы тиетін кез келген оң өзгерістерге дайын.

Ұлттық кеңес осындай жұмыста маңызды рөл атқаруы керек.

Өздеріңіз көріп отырсыздар, бұл жерде ел мен жер тағдырына қатысты аса маңызды, күрделі мәселелер ашық талқыланады.

Кеңесте көтерілген түйткілді мәселелер қоғамда да қызу пікірталасқа түсіп жатыр.

Мұның бәрі халқымыздың саяси әрі құқықтық мәдениетінің артқанын айқын көрсетеді.

Бірақ, мәселе тек саясатта ғана емес.

Көп нәрсе адамдар арасында, отбасында, яғни күнделікті өмірде ұстанатын қарапайым құндылықтарға байланысты.

Шындығын айтқанда, бүгінде адамдар айналадағы толған агрессиядан, текетірестен шаршады.

Сондықтан, жақсылықты молайтуымыз керек, ізгі ниетті болуды үйренуіміз керек.

Мейірімді, рақымды, бекзат болу – орнықты даму мен рухани өрлеудің қозғаушы күші болуы тиіс.

Осы арқылы біз әділ қоғам мен өркениетті мемлекет құра аламыз.

Мақсаттарымызға бір халық болып, ынтымақ пен келісімнің арқасында жетеміз деп сенемін.

Жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Баршаңызға рақмет!

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: