Текелі қаласының тәртіп сақшылары түнгі мезгілде тыныштықты бұзған және еліміздегі төтенше жағдай тәртібін сақтамаған ойын клубының иесіне тиісті хаттама толтырған, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот шешімімен құқық бұзған кәсіпкер 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Ал, Іле ауданының 46 жастағы тұрғыны "Алматинка" өзенінің сағасын жағалап, Алматы қаласының аумағына жасырын өтіп кетпекші болған. Алайда, облыстық полицейлердің қырағы көзіне түскен. Заң талабын өрескел бұзған азамат аудандық соттың шешімімен 5 тәулікке қамаққа алынды.
Алматы облысының полицейлері тұрғындарды төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтауға, індеттің алдын алу мақсатында сақтық шараларын бұзбауға шақырады. Аурудың жаппай таралуын болдырмау үшін жергілікті билік тарапынан қабылданып сақтық шараларына бағыну қажет екенін және ортақ талаптарды бұзудың қатаң жазаланатынын ескертеді.