Алматы облысында полиция қызметкерлеріне психолог-инспекторлар көмектеседі, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арнайы тренингтер қызметкерлердің қасиеттерін күшейту және қалпына келтіру, шыдамдылығын шыңдау, сабырлық сақтау, азаматтармен қарым-қатынас, әсіресе қызмет кезінде туындайтын қиын шақтарда, арандатушылармен байланыс кезінде өзін орынды ұстау мақсатында ұйымдастырылады.
"Бекеттердің жұмысына жұмылдырылған қызметкерлерге моральдық-психологиялық көмек көрсету – уақыт талабы. Ол қызметкерлердің экстремалды жағдайдағы әрекеттерге қызметкерлердің психологиялық даярлығын шыңдауға, олардың моральдық және физикалық шаршауын жеңілдетуге, ішкі істер органдары қызметкерлерінің моральдық-психологиялық жағдайын жақсартуға негізделеді", - деп атап өтті Алматы облысы ПД психолог-инспекторы Алина Атабаева.
Аталған бағыттағы қойылған міндеттерді іске асыру үшін тиісті мамандардан құралған арнайы шағын топтар құрылды. Топ мүшелері бүгін блок-бекеттерді аралады. Қызметкерлерге әдістемелік-практикалық көмек қызмет орындарында көрсетіледі.
"Біз тәртіп сақшылары жұмылдырылған барлық бекеттерді аралап шығуды жоспарлап отырмыз. Бірінші күні жүзден астам қызметкерге көмек көрсетілді. Жұмыс жоспарлы түрде кестеге сәйкес жасалады", - деді Алина Атабаева.
Физикалық жаттығулар психикалық-эмоцияналдық шаршауды басуға көмектеседі. Сонымен қатар, көшпелі тренингтер кезінде "Майнд машина" аудиовизуалды аппараты қолданылады. Ол миды аудиовизуалды ынталандыру арқылы қызметкердің эмоционалды жеңілдеуіне көмектеседі.
Бүгінгі күні Алматы облысында 118 бекет жұмыс істейді: оның ішінде – 77 санитарлық және 41 жолды бөгеу және блок-бекеттері бар. Бекеттердің жұмысына мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған.