Kaspi Gold-қа аудара сал: жұрт жарапазанды онлайн айтуда

Онлайн жарапазан дегенді естіп пе едіңіз? Бұрын үй-үйді аралап, жақын-жуыққа айтылатын бұл тұрмыс-сал жыры, бүгінде жаңа сипатқа ие болды.

Енді жастар жарапазанды әлеуметтік желілер арқылы таратып, ақысына ақша сұрап жүр. Қасиетті айда бұл дәстүрдің жаңаруына карантин себеп болғаны сөзсіз. Бірақ, ежелден келе жатқан салттың бұлай бұрмалануы дұрыс па? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Ал, неге тоқылдатып жүрсіңдер?. Жарапазан айтамыз үйіңізге".


Биылғы Рамазан айы жылдағыдан өзгерек. Карантинге байланысты жұрт мәре-сәре болып ауызашар беріп жатқан жоқ. Үй-үйді аралап жарапазан айтып, жар салып жүрген жан да көрінбейді.
Дегенмен, адамнан айла артылған ба? Смартфонда онлайн жарапазан айтып, нәпақа тауып жүргендер бар.

"Жарапазан айтып келдім инстаграмға, Қабыл ал менен сізге онлайн түрде. Алып шық, алып шық ақ тостаққа салып шық!. Ақ тостаққа сыймаса, Каспи голдқа салып шық!".


Иә, бұрынғыдай үй-үйді аралауға рұқсат болмағандықтан, Роза жарапазан айтудың онлайн түрін тапқан. Бірақ, жарапазан айтып, жақсылық тілеушіге еңбегі еш кетпесін деп ырымын жасап,
сый-құрмет көрсетпек түгілі, бұл дәстүрдің не екенін білмейтіндер көп кездеседі екен.

Роза Сүндет, студент:

"Қазір карантин болғандықтан маған неге онлайн түрде жарапазан айтып көрмеске деген ой бірден ойыма түсті.Мені таңқалдырғаны, кейбір адамдар бар екен жарапазан не екенін білмейтін. Онлайн түрде жарапазан айту ата-бабаларымызда жоқ қой деп, бұл не жарапазан деп түсінбей қалмаңыздар. Бұл жерде енді карантин болғандықтан айтып тұрмын ғой, мен көшеде жүріп өз туысқандарыма жарапазан айтып жүрсем, полицейлер жарапазанымды шығарады ғой".

Деректерге сүйенсек, жарапазан қазақ даласына Ислам діні келіп, ата-бабаларымыз оны ұстанғаннан кейін пайда болған тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында Рамазан айы мен Ораза айт кезінде айтылады. Ал оның қандай мағына беретіні жөнінде этнограф бүй дейді.

Қалжан Рахимжанов, этнограф:

"Қасиетті Рамазан айында ең көп орындалатын үрдістердің бірі - бұл жарапазан айту. Немесе кей аймақтарда жарамазан деп те айтылып жатады. Жарапазан сөзінің түбірі "Жә, рамазан" сөзінен шықты дейді. "Рамазан келді, басталды" деген мағынаны білдіреді. Әр өңірде әртүрлі. Ораза басталған алғашқы үш күнінде айтылады немесе ортасында айтылады немесе соңында айтылатын дәстүрдің бір түріне жатады".

Этнографтың сөзінше, жарапазанның өзіндік айтылу реті бар. Жарапазаншы алдымен үйді, оның иесін мадақтап, деніне саулық тілеп, ізгі тілектерін арнайды. Содан кейін имандылық пен адамгершілікке шақырып, өсиет айтады. Соңы бата берумен аяқталады. Өз кезегінде үй иесі же жомарттық танытып, құрмет-сый көрсеткені абзал.

"Заманына қарай адамы". Қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы қазіргі жағдайға орай, жарапазан айтудың онлайн түрінің пайда болғанында тұрған ештеңе жоқ дейді. Дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып жұрты береке-бірлікке, имандылыққа шақыру - ізгі амалдардың бірі екенін айтады. Бұл үрдістің адамдардың ниеті мен пейілін түзеуде де маңызы зор.

Айша Құрманғалиқызы, қоғам белсендісі:

"Бұл жарапазанды онлайн түрде айту үрдіске еніпті. Бұл да қазір төтенше жағдай кезінде амалсыз барып отырған үрдістердің бірі деп ойлаймыз. Жарапазанды онлайн түрде айтылуында еш сөкеттік жоқ. Бір жағынан адамдардың көңілін көтереді. Онлайн түрде жарапазан айтып, оған ақшасын сұрау соншалықты теріс үрдіс деп қараудың қажеті жоқ".


Ал, Роза әлемді әбігерге салған коронавирустың да дүрмегі басылып, жаймашуақ күнге қайта оралатынымызға сенімді. Жаратқан нәсіп етсе келесі Рамазан айында жақын-жұрағатын аралап, жарапазан айтып, жар саламын деп белін бекем буып отыр.

Роза Сүндет, студент:

"Каранин себеп болды. Егер қазіргі уақытта карантин болмағанда, мен өзімнің туысқандарыма барып, достарыма барып, өз аяғыммен жарапазан айтушы едім".


"Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар". Сондықтан, ықылым заманнан бері ата-бабамыздан қалған жарапазанды заман талабына сай жаңғыртуда тұрғаш еш сөкеттігі жоқ. Мұның өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде де маңызы зор.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: